Апат айтып келмейді. Қардың көбесі сөгіліп, еріген су қаншама ауылдарды басып қалды. Ақмола облысы бойынша ғана ондаған елді мекен табиғаттың төтеннен болған апатының қиындығын бастан өткеруде.
Жақында Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешіті мен «Зекет» қорының Ақмола облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Жапа шеккенге қол ұшыңды соз!» акциясы ұйымдастырылып, жамағаттан азық-түлік, жаңа киім-кешек және ақшалай қаражат жиналды. Бұл бастамаға қолдау білдіргендер де аз болмады. Айналасы бірер күн ішінде қомақты азық-түлік жиналды.
Азық-түлік пен киім-кешек тиелген екі автокөлік Целиноград және Ерейментау аудандарындағы су басып қалған ауылдарға жол тартты. Алдымен «Зекет» қорының облыстағы өкілі Ерболат Шәріпов пен орталық мешіттің қызметкері Алмат Жүнісов бастаған жүк көліктері Ерейментау ауданына қарасты елді мекендеріндегі жапа шеккендерге азық-түлік таратты. Мұнда ауылдардың басым бөлігі су астында қалып, адамға да, материалдық құндылықтарға да көп шығын келген еді.
Кейін Целиноград ауданы Оразақ ауылында да суға кеткен тұрғындарға көмек көрсетілді. Төтеннен болған апат мұнда да көп шығын әкелді. ҚМДБ-ның бастамасымен көрсетілген мешіттің қайырымдылығына ауыл тұрғындары риза болды. Мешіт пен қор өкілдері уағыз айтып, сынаққа түскен жандарды сабырлылыққа шақырды. Алдағы уақытта қайырымдылық шаралары тағы да жалғасын таппақ.
Бақыт СМАҒҰЛ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.05.2015
3560
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру