Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикалық қан орталығымен бірлесе отырып Алматы орталық мешітінде "Жүректен жүрекке"-ІІ атты қан беру қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Шараның мақсаты қала халқы мен мешіт жамағатының қанға мұқтаж адамдарға қол ұшын беруіне ұйытқы болу.
Сондықтан бүгін Алматы орталық мешітіне адам өміріне арашашы болуға ниеттеніп келуші жамағаттың қарасы көп. Олардың ішінде имамдар, мешіт қызметкерлері, қарапайым жамағат, медресе шәкірттері де жүр. Бірақ, донор болатын адамның жасы 18-ден асқан, денсаулығы дұрыс әрі қолында төлқұжаты болуы шарт. Олардың барлығы да қан тапсырар алдында дәрігерлік және зертханалық тексеруден өткізілуде.
Алматы орталық мешітінің ауласында өткен шара барысында 150 ниет білдірушілердің ішінен 130 донор 58,5 литр қан өткізді.
Мамандар жалпы донор болып, қан тапсырып отыру адамның өз денсаулығына да өте пайдалы екенін айтады. Қан тапсырғанда адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарып, жүрек-тамыр, қатерлі ісік ауруларына және тұмауға өте сирек шалдығады екен. Ең бастысы, донор осы әрекетімен өзге жанның өмірін сақтап қалады. Мейірімшіл дініміз «Бір адамның өмірін құтқару, бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең» екендігін жар салады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алла тағала сендердің араларыңнан қайсыларыңның ізгі іс істейтіндіктеріңді сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан. Ол – тым үстем, аса жарылқаушы» дейді. Дана халқымыз «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» дейді. Олай болса біреудің жанын құтқару үшін берілген қан садақасы сауапты істердің алды екені айқын.
Айта кетейік, бұл игі шараның жалғасы Алматы қаласының тағы 6 мешітінде
- 8-мамыр күні Айша бибі (Ақсай) мешітінде;
- 15 мамыр күні Төле би (Тастақ) мешітінде;
- 22 мамыр күні Орбита-3 мешітінде;
- 29 мамыр күні Бекет-ата (Шанырак-1) мешітінде;
- 5 маусым күні Райымбек батыр (Думан ықш.) мешітінде;
- 12 маусым күні Қалқаман-2 мешітінде өткізілмек.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.05.2015
3469
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру