Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Талғар қаласында орналасқан дайындық курсының алғашқы шәкірттеріне араб тілінен арнайы сертификат тапсырылды.
Бұл дайындық курсының жаңа ғимараты былтырғы маусым айында тұсауы кесіліп, пайдалануға берілген болатын. Ал алғашқы шәкірттерді қыркүйектен бастап қабылдаған курсты тәмамдаушы 65 бала Нұр-Мүбарак университетіне түсуге талаптануда. Бір жыл бойы ақида, фиқх, Құран тәжуиді, Пайғамбарымыздың (с.а.у) өмірі (сира), хадис ілімінен дәріс алған шәкірттер арасынан араб тілі грамматикасынан 30 бала озық шыққан. Үздік шәкірттерге мысырлық ғалым доктор Таһа Закария бірнеше ай бойы тереңдетіп дәріс өтіп, бүгін олар емтихан тапсырды. Мақтау қағазымен бірге арнайы сертификат тапсыруға Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы тарапынан Болатбек Абуов пен Рахымжан Әкімбеков, Ризабек Батталұлы мырзалар арнайы келді.
Енді шәкірттер алдағы екі ай бойы Ұлттық бірыңғай тесттілеу емтиханына қазақ тілі және Қазақстан тарихы бойынша дайындық жасамақ. Ал бүгінгі араб тілінен үздік шыққан озат шәкірттер университет студенті атанса, арнайы тереңдетілген топта Мысырдағы Әл-Азхар университетінің оқу бағдарламасына сай араб ғалымдардан дәріс алады деген жоспар бар.
Нұр-Мүбарак университетінің дайындық курсы 120 балаға негізделген. Биыл тұңғыш түлектерін ұшыратын білім шаңырағы жайлы ақпарат алғашқыда аз болғандықтан, шәкірттердің де саны атаулы межеге жетпеген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтардағы өкілдері, мешіт имамдары жол сілтеген шәкірттер құрамы еліміздің барлық өңірлерін қамтиды. Әсіресе маңғыстаулықтардың үлесі басым. Бүкіл жатын орны, тамағы тегін қамтамасыз етілетін дайындық курсы қызметкерлерінің айтуынша, оқу басталып кеткен соң өтінішпен хабарласқан талапкерлер өте көп болған. Алайда қабылдау науқаны 25 қыркүйекте аяқталып, дәрістер басталып кететіндіктен, мерзімінен кешіккен талапкерлерге келесі оқу жылын күтуіне тура келеді. Алдағы оқу жылы Нұр-Мүбарак дайындық курсы орта мектепті тәмамдаған 120 шәкіртті қабылдауды жоспарлауда.
Айша Кеңесбай,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.05.2015
3466
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру