Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атыраудың жарасымды жамағаты ақ дастарханда (ФОТО)

28.04.2015 3251 0 пікір

Өткен жылдың басында ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров өңірдегі жамағаттың бірлігін арттыру мақсатында қолға алған «Ынтымағы жарасқан ел озады» деген бастама биыл да айтарлықтай нәтижемен жалғасу үстінде.

Міне, осы бастаманың аясында сәуірдің 25-күні «Иманғали» орталық мешіті өзінің кезекті жамағат дастарханын жайды. Оған шамамен бес жүзге жуық жамағат жиналып, өзара ынтымақтың қалыптасқанын тағы бір көрсетті. Ақ дастарханға Атырау облысы əкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай жəне дінтанушы ғалым Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Ризабек Батталұлы қатысты. Игі шарада өңірдің өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров берекесі мол дастарханға келген қонақтарға құтты қадам тіледі.

Сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жамағаттың дәл осылай бірлікте болып, имамдардың жанынан табылуының өзі дін қызметкерлерінің жемісті еңбегі екенін атап өтті. Сонымен қатар, өңір имамы Батыржан Берденұлының қолға алған осындай игі істерінің нәтижелі болып жатқанына өз ризашылығын білдіріп, жиналған жамағатқа бірліктің алмайтын асуы жоқ екенін жеткізді.

Өңірге арнайы іс сапармен келген РАНТ мүшесі, дінтанушы, ғалым Ризабек Батталұлы «Имамға бағынудың маңыздылығы» тақырыбында тұщымды уағыз-насихат жүргізді. Яғни, имамға бағыну жамағатты ынтымаққа жетелейтінін жеткізіп, имамнан алыс жүрген дін бауырлардың қоғамға қандай зияндылықтар әкеліп жатқанын қоғамдағы мысалдармен жеткізді. Сондай-ақ, ынтымақ болса ғана, ырыстың келетінін атап, асыл дініміз исламның тек қана бірлікке үндейтінін баса айтты.

 Осылай ай сайынғы жайылатын ақ дастархан басында мешіт жамағаттары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ынтымақтың туын бірге көтеріп келеді. Мешіттердегі осындай игі істер өңір имамдары тарапынан жасалған еңбектің жемісін көрсетуде.

Дастархан соңында елдің амандығы, халқымыздың ынтымағы, отанымыздың мұнан әрі өркендеп-дамуы үшін дұға жасалды. Жақсы отырыстың куәсі болған жамағаттар мешіт ұжымына деген шексіз ризашылықтары мен алғыстарын білдірісіп тарқасты.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру