ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасының аясында қолға алынған «Ағаш − ел дәулеті, жер сәулеті» атты қайырымдылық шара сәуірдің 22-күні Атырау аймағында өз жалғасын тапты. Облыстық «Иманғали» орталық мешітінің ұйымдастыруымен болған игі шарада «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген ұстаным негізге алынды. Бұл шараның басты мақсаты - жамағат арасында отансүйгіштік сезімін оятып қана қоймай, елді бірлік пен татулыққа шақыру әрі сауапты істерге үлес қосу болып табылады.
Тал егу шарасына ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, Атырау облысы бойынша Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай, Жұмыскер елдімекенінің әкімі Қайрат Хабиев, қала имамдары, БАҚ өкілдері, мешіт ақсақалдары мен жамағаттары қатысты.
Осылайша Атырау қаласына қарасты Жұмыскер елдімекенінде орналасқан «Бәйтерек» және «Көкарна» елдімекенінде орналасқан «Ақсұңқар» балабақшаларына жүзден астам тал көшеттері дін қызметкерлері мен мешіт жамағаттарының қолымен егілді.
Өңірдің өкіл имамы Батыржан Берденұлы: «Ислам дінінде қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да құпталған іс. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу дiнімізде қуатталған, тіпті мұсылмандар осы iстерге әрқашан жұмылдырылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет-қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн», - деп айтқан. Ал, халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек!», - деп игі іске үндеген. Міне, баршамыздың жұмыла осы шараға қатысуымыздың сыры сауапты істе жарысып, елдің игілігіне үлес қосу», - деп шараның маңыздылығын атап өтті.
Шара соңында жиылған қауым қазақы дәстүрмен ақ дастархан басына жиналып, ұлттық дәмнен ауыз тиді. Өкіл имам Б.Берденұлы елдің амандығы мен өскелең бүлдіршіндеріміздің болашағына бата жасады.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.04.2015
3425
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру