Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің Жалпы және жастар ісі бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық «Ардагерлер үйі» шипажайында өнерпаздармен рухани кеш өткізді. Мешіт жамағатынан құралған «Имани гүл» үгіт-насихат тобы және «Сағым жылдар» әжелер ансамблі бұған дейін де «Қарттар үйінде», мүмкіндігі шектеулі жандар топтастырылған әртүрлі ортада өнер көрсетіп, қамкөңіл кісілердің көңілін көтерген болатын. Бұл жолғы сапар бұрынғыдан өзгерек болғаны анық. Өйткені, отан үшін от кешкен, еліміздің азаттығы жолында азап арқалаған ардақты ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, құрметті зейнет демалысындағы қарттармен кездесті. Мәдени шараға 30-дан астам қария қатысты. Айта кетерлігі, олардың ішінде әр ұлттың өкілдері болды.
Кеш барысында «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Данияр Ибраһимұлы бейбіт өмірдің құндылығы, соғыс зардабы туралы қысқаша уағыз айтты. Ал қара домбыраны күмбірлеткенБотабай Байкенов «Әке туралы ән», «Жігіттерге өсиет» термесін шырқаса, Мағжан Қасымов Біржан салдың «Жалғыз аршасын» нақышына келтіре орындады. Ал «Сағым жылдар» әжелер ансамблі «Шилі өзен», «Бипыл» сынды халық әндерінен, «Ана туралы баллада», «Ақ көгершін» т.б. ретро туындыларды айтып, көпшілікті тәнті етті. Бұл ансамбльде Батырханова Қазигүл, Нұрғазина Любовь, Көшкинбаева Биғайша қатарлы әнші әжелер бар. Аталмыш ансамбль құрамындағы Елеукенова Бақытжамал апа жұртты исламға ұйытатын өлең оқыса, Ақкузинова Бақытжамал әже, Жібек апа және Биғайша Баязитовалар қазақ, орыс тілдерінде әндер шырқап, халықтың қошеметіне бөленді.
Ансамблге Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығының баянисті музыкалық сүйемелдеу жасады. Шара Хабидулла қажы атаның ақ батасымен аяқталды.
Қарттарды құт – береке деп таныған ұрпақ көргенді, текті ұрпақ болмақ. Өзінен кейінгі ұрпақтар құрметтеген қарттар әркезде де бақытты болмақ.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.04.2015
4143
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру