Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Діни жат ағымдармен күресудің жолдары

21.04.2015 3136 0 пікір

Атырау политехникалық колледжінде "Діни жат ағымдармен күресудің жолдары" тақырыбында мұғалімдер мен студенттерге арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Шараға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, «Шапағат» диструктивті көмек көрсету орталығының директорының орынбасары  Аташев Айбек, колледж директоры Бақыт Шеркешбаева және арнайы іс-сапармен Атырауға ат басын тіреген белгілі теолог-дінтанушы Ризабек Батталұлы қатысты. 

Алдымен облыстың өкіл имамы Б.Берденұлы: "Жастар арасындағы діни ахуал қай ата-ананы да алаңдатады. Бұл – қоғамдағы түйіткілді мәселелердің бірі екені де рас. Өйткені, ұл-қыздарын мешітке жіберуден қорқатын болды олар. Десе де, құбылаға қарап тізе бүккен, Жаратушысын таныған кейінгі буынның, ата жолын ұстанған ұрпақтың көбеюі көңіл қуантады", - деді.

Ал, теолог-исламтанушы Ризабек Батталұлы: "Қазіргі таңдағы мұсылмандардың түсінігі, білім деңгейі бұрынғыдан биікте. Олар ислам мәдениетін, ислами өмір сүру салтын жақсы біледі. Яғни, бүгінгі жастар дінге құлшылық үшін ғана емес, өмірлік ұстаным ретінде де бет бұруда. Алайда, жат ағымдардың жетегінде кеткен жастарымыз қоғамға өз зиянын тигізіп жатқаны да жасырын емес. Ал, жат ағымның дәстүрлі діннен айырмашылығы қандай? Олардың ара-жігін қалай ажыратамыз. Міне, осыған ең алдымен әр адам діни білімді болу керек" - деп сөзін аяқтады.

Аталған шарада «Адасқанның ақыры» атты қысқа метражды бейне фильм көрсетіліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға дін мамандары тұщымды жауап берді. Сонымен қатар, «Қыз жібек» клубының төрайымы Бақыт Барсай мұндай діни бағыттағы игі-шаралардың жастар үшін маңызы өте зор дей келе, келген қонақтарға ризашылығын білдірді. 

"Иманғали" орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру