Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақстанда арақ-шарап сатылмайтын тұтас ауылдар табылды (ВИДЕО)

13.04.2015 6201 0 пікір

Елімізде 200 мың маскүнем бар. Халықаралық ұйымдар жасаған осы іспетті статистикалық мәліметтер соңғы кездері жиілеп кетті. 

Естіген құлақтың сенуі қиын әрине. Алайда елімізде тұрғындары мүлде арақ ішпейтін, ал дүкендерінде ішімдік сатылмайтын елді мекендер де бар болып шықты.

Ащы судың залалын ақындар жырлап, ғалымдар дәлелдеп, дін өкілдері уағыздап жатыр, шамалары жеткенше. Алайда нәтижесі тышқанның жабуындай ғана болып тұр. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Біле білсеңіз елімізде мүлде арақ ішілмейтін һәм сатылмайтын ауылдар бар екен. Алғашқысы СҚО, Сандықтау ауданындағы “Красная поляна” ауылы.

“Біздің учаскелік испектор жұмыссыздар қатарында деп айтуға болады. Әрине бұл қалжың. Бірақ арақ ішілмегеннен кейін ауылда қылмыс жоқ. Сондықтан тәртіп сақшысының жұмысы да жеңіл”, – дейді Красная поляна ауылдық округінің әкімі Аңсар Ибаев.

Бұл ауылдың іргесі 1863-ші жылы қаланған. Ішпеді емес, мұндағы жұртта сайтан суды ұрттауға кезінде құмар болған.

“Алайда осыдан 9 жыл бұрын ішімдікке тойып алған жастар бір қарияны өлімші етіп сабап тастады”, – дейді тұрғындар. Осыдан кейін ауыл ақсақалдары дүкендерде арақ саттырмауға уағдаласып, жұрт бұл бастаманы құптап кеткен. Қазір мыңнан астам тұрғыны бар ауылда, арақ жоқ. Қызығы сол 9 жылдан бері бір де бір қылмыс тіркелмепті.

“Қазір біздің ауылдағы үйлерде есігіне құлып салмайды. Ауыл тұрғындары, көршілер арасында бір-біріне деген сенім бар. Алыс жаққа жол жүретін болсам ғана есікке құлып саламын. Оның өзінде кілтінің қайда тұратынын көршілерім біледі. Қажет затын алып қайта жауып қояды”, – дейді ауыл тұрғыны Айшат Халимова.

Ауыл халықтың үшеуі қазақ, үшеуі неміс, 14-і орыс, ал қалғандары шешен ұлтының өкілдері.

“Бұл ауылдың үйлерінде құлып жоқ екен” деп таң қалып жүргенімізде тағы бір ерекше жаңалық естідік. Мұнда ит те жоқ екен. “Мал бағуға көмектесетін шопанымыздың жалғыз иті бар еді ол да қартайып өлді”, – дейді тұрғындар. Рас. Ойлап көріңізші. Қылмыс пен ұрлық-қарлық жоқ ауылға иттің не керегі бар?

Ауылдағы жалғыз спирті бар жерге келе жатырмыз. Бұл – медициналық пункт. Мұндағы спирттің өзі ішуге емес, науқастарға екпе жасау үшін ғана пайдаланылады екен.

Ауылда бар спирттің қоры 300 грамм ғана болып шықты.

Еліміздің солтүстігінде де тұрғындары ащы суды татып алмайтын тағы бір ауыл бар екен. Қаймағы бұзылмаған бұл қандай мекен болды? Көзімізбен көріп, тұрғындарымен танысып қайтайық.  

Талай шақырымды артқа тастап, Тайынша ауданына қарасты, Теңдік  елді мекеніне де жеттік. Мұндағы жұртта 2003-ші жылғы Рамазан айында арақты қою туралы Әбсаттар қажының бастамасына іспен жауап қайтарыпты. Қасиетті ай біткеннен кейін де ауылдықтар жақсы бастаманы жалғастырып, той-томалақтың барлығын қымыз-қымыранмен атап өтуді дәстүрге айналдырған.

“Арақсыз өткіздік. Қандай тамаша ойын-той болды. Ешкім осы арақ ішпедік-ау дегенді естімедік”, – дейді ауыл тұрғыны Орынбай Әлжанов.

Орынбай ақсақал осы ауылдағы жалғыз қажы. Қазір мұнда көшіп келген қандастарға да баспана салып беріп отыр. Ал 2001-ші жылы өз қаражатына 150 орындық мынадай зәулім мешіп тұрғызыпты.

“Бірталай материал жинағанмын үй саламын деп. Сосын ойладым. Далада отырғаным жоқ қой. Үй бар ғой деп. Жаңа заман келді. Жастарға рухани тәрбие беру керек. Жаңа жолға бағыттау керек. Жасымыз болса келіп қалды деп сол жас ұрпақты тәрбиелеуге осы мешітті салдық”, – дейді ақсақал.

Бұл ауылдағы дүкендердің сөрелерінде арақ атаулы атымен жоқ. Ішімдік былай тұрсын, 12 жылдан бері мұнда темекі, тіпті харам саналатын шұжықтар да сатылмайды екен.

Осымен дүкендерінде ішімдік сатылмайтын, ал тұрғындары арақ ішпейтін Қазақстандағы ерекше ауылдарға жасаған саяхатымыз аяқталды. Әудем жер жүріп, ел-жұртпен танысқандағы біздің мақсат осындай үлгілі ауылдарды өзге де елді мекендерге өнеге ету.

7 канал

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру