Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам институты: мәні мен маңызы зор дәріс (ФОТО)

13.04.2015 3906 0 пікір

ҚМДБ жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында сәуір-маусым айлары аралығында оқуға келген имамдармен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының біртоп өкілдері кездесті. Қазақстанның әр облысынан келген имамдармен қоса, Моңғолия мен Ресей сынды елдерден келген 80-ге жуық имам-молдалар білімдерін жетілдіруде.

«Әлемде жер көлемінен 9-шы орында тұратын Қазақстандай алып мемлекетте бір діни басқарма бар. Бес мың имам бір мүфтиге бағынады. Әр жұмада бір тақырыпта уағыз айтылады», - деп сөзін бастаған ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі Ғилымбек Мажиев  дін тарату  Алланың берген нығметі екендігін атап өтті.      

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары  Шоқанов Сансызбай қажы имамдардың басымырақ көңіл аударатын салаларға тоқталып: «Егер имам Құран, ақиданы, фиқһты, ағымдар тарихын тереңірек білсе, жамағат арасын ынтымаққа баулап, бауырмашылыққа ұйыта білсе, онда дініміз де өркендейді», – деді.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Имам –  басшы әрі қоластындағыларға жауапты» деген хадисімен  имамның жауапкершілігін нақтылай түскен ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай қажы Бейсенбаев мүфтият Малайзия, Египет, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерді аралап ең озық білімді жетілдірудің тәсілін көңілге тоқып келгенін жан-жақты сабақтады.

«Екі айда оқудың қадірін біліп, уақыттарыңызды үнемді пайдаланыңыздар», – деді ҚМДБ діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев. Еліміздегі мешіт имамдарының білім-біліктілігі мемлекет тарапынан да, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан да үлкен қолдау беріліп жатқанын түсіндіріп өтті.

Белгілі исламтанушы  Ерсін Әміре: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңынан дүние қалдырған жоқ, осы ілімді, мешітті бізге мирас етіп қалдырды», – деді.

Отырыс соңын қорытындылап сөз алған ҚМДБ жанындағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры Мырзабай Кенжеәлі мырза  институттың үш нәрсеге: 1. Білім  2. Ынта  3. Ахлаққа  қатты мән беретінін айта келе, бір топ ҚМДБ өкілдеріне мәні мен маңызы зор ерекше отырыс үшін ризашылығын білдірді.  

ҚМДБ Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру