Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұр-Мүбарак түлектерінің уәделі сәті таяды

10.04.2015 3396 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетінің биылғы түлектерімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бір топ өкілдері кездесті. Бұл жай кездесу емес елдің үмітін үкілеп, осыдан төрт жыл бұрын берілген уәдені орындаудың сын сағаты келгенін еске түсірген маңызды жүздесу болды. Себебі биыл Нұр-Мүбарак тарихында тұңғыш рет түлектердің көп легі еңбек майданына аттанбақ. Осы кезге дейін ең көп дегенде 40 адамға дейін бітіріп келген исламтану мамандығы бойынша бұл жолы 130  түлек, оның 74-і мемлекеттік грант иелері.

«Нұр-Мүбарак түлектерінен біз әрдайым жаңашылдық пен зор үміт күтемі» деп сөз бастаған ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиев дәл қазір еліміздің рухани сұранысының тым жоғары екендігін жан-жақты саралап айтты.  Ел тыныштығы мен халық тұтастығы мақсатында  дәл қазір елімізде ислам діні туралы уағыз-насихат айтуға тек ҚМДБ өкілдерінің ғана құқығы бар, ал сырттан білім алып елді шатастырып, дінбұзарлыққа бастаушылардың әрекеті миссонерлік ретінде заң алдында жауапқа тартылатындығын да айтып өтті. Сондықтан еліміздің кез-келген азаматы ҚМДБ-ның дін қызметкерлерінен ислам діні жайлы сұрақ сұрауға құқылы, оған исламтанушылар, имамдар әрдайым сақадай сай болу керек.  Қазір ауыл-ауылда имандылыққа сусап отырған халқымызға қызмет ету Алла алдында да, ел алдында да екі дүниелік абыройлы міндет екенін Ғилымбек Жәдігерұлы жан-жақты сабақтады.

Ал  Алла тағала  Мұсаға (а.с.) інісі Харунды жәрдемші етсе, Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  үмметін көмекші етті,-деп сөз саптаған  ҚМДБ-ның шәриғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов мырзаның насихаты болашақ түлектерге қанат бітіргендей.  Нұр-Мүбарак түлектерін  пайғамбарлардың заңды мұрагерлері ретінде дін жолында кез-келген қызметке дайын болу керектігін Сансызбай Құрбанұлы нақтылай түсті.

Алғашқы қадамын ауыл мешітіндегі қарапайым қызметтен бастап, ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушілігіне дейін қол жеткізген Бейсенбаев Бақтыбайдың еңбек жолы да болашақ имамдарға сабақ боларлық. Қазіргі дін қызметкерлерінің 65 % діни сауатсыз екенін қынжыла айтқан Бақтыбай Қыдырбайұлы, биылғы түлектердің  4,5 %  үлесін қосқанда еліміздегі жоғары білімді имамдардың қатары небәрі 20% болатындығын жеткізді. Яғни елімізде мешіттердің бестен бірі жоғары білімді имамдарға зәру.

Бүгінгі Мүфтияттағы қызметкерлердің дені еңбек жолын ауылдан бастағанын ҚМДБ Діни істер бөлімінің меңгерушісі Тұрдыбаев Камалжанның да сөзі растай түсті. Хазіреті Алидің (р.а.): «Егер ақ боз ат тұлпарым болса, имамдықтан қашар едім, сол сияқты сол тұлпармен имамдыққа қарай ұшар едім»,-деген сөзімен жауапты да, сауапты қызметтің қыр-сырын өзінің тәжірибесі арқылы түсіндіріп өтті.

Ал еңбек жолын ауылдан емес Астанадағы белді мекемелерден бастап, алайда Алла жолындағы білімін елге жұмсауды артық көріп биік лауазым, жоғары жалақыны ауылдық мешіттегі арзымас айлығы бар ұстаздыққа алмастырған Ерсін Әміренің де өмір жолы болашақ түлектерге өте әсерлі болды. Алла жолындағы қызметте көркем мінез қаншалықты мәртебелі болса, дәл қазіргі жағдайда жұмсақтықтан қайраттылық маңызды деген Ерсін мырза аз сөзбен терең мағынаны қамтып өтті.

Бірінен кейін бірі сайдың тасындай салиқалы сөздерімен түлектерді баурап алған ҚМДБ қызметкерлерінің келесі өкілі Маңғыстау облысының  имамы Смаил Сейтбеков нақты мәселені алға тартты. «Осыдан 4 жыл бұрын сұхбаттасу кезінде «имам боламыз, дінге, елге қызмет етеміз» деген уәделерің есімде. Сол уәдені орындайтын сәт келді»,- деген Смаил Сүйерқұлұлы облыста қазір жоғары білімді 7 имам ғана болса, енді  нақты 7 маман керек екендігін ашық айтты. Әлбетте қажеттілік одан жоғары, бұл өте зәрулік тұрғысында айтылып тұр. Өйткені қарт Каспий жағалауының тұрғындары  имандылыққа барыншы ұмтылып, ілімді имамдар жетіспеуде. Кезінде мүшріктер қауымына ақиқат нұрын жайған сахабаларға қарағанда, бүгінгі мұсылмандардың күні салыстыруға келмес. Себебі қазіргі қоғам ақиқаттан алыстап қалған болса да жүрегінде иман дәнегі бар өздерін Алланың құлы санайтын мұсылмандар екендігін ескерткен Смаил Сейтбеков нақтылы жұмыс істеймін деген студенттердің тізімін алуға кірісті.

ҚМДБ өкілдерінің сөзін қорытындылап әрі алдағы кризис тапшылығын еске салған университет проректоры Шамшәдин Керім мырза, көптеген  мекемелерде қысқарту жүрсе де дін саласындағы білікті маманға сұраныс өсіп отырғанын айтты.

Ия, бұл кездесудің салмағы да, маңызы да ерекше болды. Өйткені жақын күндері Нұр-Мүбарак түлектерінің қай өңірге аттанары ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен бекітілмек. Ал ары қарай білім жолын жалғастырамыз деген түлектерге кедергі жоқ. Бірақ келісімшарт бойынша мемлекеттік грант иелері ауыл-аймаққа аттануы тиіс. Дегенмен еңбек жолын ауылдан бастау жас маман үшін де, ел үшін де игілікті болары сөзсіз.

Айша Кеңесбай,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру