Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Нұр-Мүбарак университетіне алғаш рет ат басын тіреді. Университет ректоры Жуда Абдулғани Басюни Ғалым Нұрмағамбетұлы мырзаны арнайы қабылдап, оқу орнының жоспарымен таныстырды. Еліміздегі жастардың діни білім алу мәселелері жан-жақты сөз болған кездесуде әсіресе, шет мемлекеттерде діни білім алушыларды елге қайтару мәселесі көтерілгенде ректор Ж.А.Басюни жыл басында Мысырдағы әл-Азһардың Бас имамы Мұхаммед Ахмед әл-Тоибпен кездесу барысындағы ұсынысты айтып өтті. Яғни ЕАР-ғы ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын мырза әл-Азһардан өзге діни оқу орнында білім алушы қазақ жастарын елге қайтару туралы Мұхаммед Ахмед әл-Тоиб мырзамен жүздесіп, ақылдасқанда әл-Азһардың Бас имамы оларды әл-Азһарға оқуға қабылдауға ниет білдірген. Сондай-ақ ректор Ж.Басюни университеттегі Ислам экономикасы мамандығын ашуға дайындық барысын жеткізді.
Ректормен кездесуден соң ҚР Дін істері комитетінің төрағасы университет студенттерімен кездесіп, әлемдегі, еліміздегі діни ахуалға қатысты кеңінен сөз қозғады. Болашақ исламтанушылардың тек дінмен шектелмей жан-жақты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болудың маңыздылығына тоқталды. Соңғы 2-3 жылда әлемде діни экстремизм мен терроризмнің өсу қаупі басым екендігін айтқан Ғалым Нұрмағамбетұлы бұл жаһандық проблема елімізді де айналып өтпейтіндігін ескертті. Сондықтан жастардың діни сауаттылығы мен Нұр-Мүбарак түлектерінің біліктілігі еліміз үшін аса маңызды болмақ. Өйткені қазір жоғары білімді исламтанушылар жетіспеушілігі айрықша байқалады. «Біз зайырлы мемлекет ретінде Ата заңымыз бойынша дін мемлекеттен бөлек деп көрсетілсе де дінді қоғамнан бөлек қарау мүмкін емес»,- деді төраға Ғ.Шойкин өз сөзінде. Болашақта еліміздегі ғаламтор кеңістігіндегі жат діни ағымдардың бейберекет уағыз-насихаттарына тосқауыл жасау мәселесі де айтылды. Төрағаның жан-жақты баяндамасынан кейін студенттер көкейлеріндегі сан түрлі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесу соңында университет басшылығы болашақ дін саласы мамандарының білім алуына бей-жай қарамай, жоспарларымен бөлісіп, студенттермен кеңінен сұхбаттасқан Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мырзаға ыстық ықыласты алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.
Айша Кеңесбай,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.04.2015
3425
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру