Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жаратқаннан жаңбыр сұрап, дұға етті

08.04.2015 5021 0 пікір

Маңғыстау облыстық орталық мешітінде тасаттық берілді. Өкіл имам С. Сейтбеков мешітке жиналған жамағатты  истисқа намазын оқуға шақырды. Бесін намазынан кейін мешіт ауласында 2 рәкат нәпіл намаз оқылып, жамағат Алладан жаңбыр сұрап жалбарынды. Мешіт ақсақалы Лепес қажы: «Ей, Алла, біз Сенің кешірімің мен мейіріміңнен үміт етеміз. Сенің «Қол жайып сұраған құлымның қолын бос  қайтармаймын» деген сөзіңе кәміл сеніп, Сенен жаңбыр сұраймыз. Бізді рақымыңа бөлей гөр! Бізге жаңбыр жібер!»,- деді.

Намаз оқылып, дұға етілгеннен соң мешіт ауласында тігілген қос киіз үйде садақа берілді.  Садақаға жиналған жамағатқа облыс имамы С.Сейтбеков уағыз айтып, адамзаттың күнәсі себепті Алланың нығметі жоғалып, Жаратқаннан жаза келетінін, Алладан көп кешірім сұрап, күнәдан қашуға шақырды.

Сондай-ақ осы күні  Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде де тасаттық беріліп, истисқа дұғасы оқылды.

Маңғыстау облысында соңғы жылдары жаңбыр сирек жауып, құрғақшылық байқалуда. Қыс бойы қар көрмеген өлке тұрғындары наурыз айының соңғы күндері де 2 тәулік бойы соққан шаңды дауылдан әбігерге түскен болатын.  Табиғаттың тосын мінезіне орай өкіл имамның арнайы тапсырма беруімен облыстағы барлық мешіттерде тасаттық жасалуда. Мешіт имамдары халыққа уағыз айтып, Алладан кешірім сұрап, Алладан жаңбыр тілеуге шақыруда.

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру