3-сәуір. Биылғы жылдың діни саладағы тың әрі серпінді істердің бірі һәм бірегейі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен 19 ақпанында өткізілген «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І Имамдар форумы болып табылады. Бұл аталған форумда мынадай мәні мен маңызы зор төрт құжат «ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту Тұжырымдамасы», «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті» қабылданған-ды.
Атырау облыстық «Иманғали» мешітінде өткізілген бұл жұма бұрынғыдан әлдеқайда өзгерек. Себебіне тоқталсақ, Республикалық І Имамдар форумында қабылданған «Имамның тұлғалық келбеті» атты төртінші құжатқа тікелей байланысты болды. Елге айтар сөзім пәтуалы, амалым өнегелі болсын деген кез келген имамның ең алдымен өзін жөндеуі қажет. Қазіргі уақыт осыны дін адамынан талап етуде.
Халық арасында имамның нағыз тұлғалық келбетін қалыптастыру мақсатында өңірдің бас имамы Батыржан Мансұров үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап, «Иманғали» орталық мешітінде айына екі мәрте қала, аудан имамдарының қатысуымен жұма уағызын өткізу бастамасын қолға алды. Ондағы мақсат – имамдар форумында қабылданған «Имамның тұлғалық келбеті» құжатына сәйкес имамдардың бойындағы шешендік, білімділік т.б. қасиеттерді анықтап, олардың жамағат алдындағы беделін арттыру. Осыған орай, алдағы уақытта орталық мешітте әрбір қала, аудан имамдары жүргізген жұма уағыздары Бас имам Б.Берденұлы бастаған комиссия мүшелерінің жан-жақты сараптауынан өткізіліп, жыл соңында өңірдің «Үздік уағызшы имамы» анықталатын болады. Қала, аудан имамдарына мынадай талаптар да қойылды: имам жұма уағызын ҚМДБ ұсынған тақырып бойынша айту; белгіленген уақыт ішінде шешендігімен жан-жақты халыққа түсіндіре жеткізу, қолданылған аят-хадистерді арабша оқу; жұма намазын сауатты өткізу және сыртқы келбетінің ұқыптылығына мән беру.
Міне, осы талаптарды іске асырып, имамның тұлғалық келбетін халық арасында қалыптастыру мақсатында қолға алынған игі іс «Иманғали» орталық мешітіндегі жұма намазында басталып кетті. Бұл жөнінде ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров жамағатқа: «Өздеріңіз білесіздер, 19-ақпанда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты Республикалық І Имамдар форумы өткізілген болатын. Сол форумда имамдардың тұлғалық келбетін қалыптастыру, білімін арттыру, халық арасында абыройын көтеру мәселесін ерекше көтерген-ді. Осы бастамаға қолдау білдіру үшін алдағы уақытта қала және жеті аудан имамдары «Иманғали» орталық мешітінде жұма уағызын өткізіп, өзара тәжірибе алмасатын болады. Міне, бүгін алдарыңызға қалалық «Құспан молла» мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров келіп отыр», - деп игі істің мақсатын таныстырды. Облыстағы имамдардың келбетін қалыптастыруға себін тигізер әрі тәжірибе алмасуына мүмкіндік болар бұл шара дәл осылай мұнан әрі өз жалғасын таба бермек.
Сондай-ақ, қасиетті жұма намазында имамдар форумында қабылданған «ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту Тұжырымдамасы», «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты құжаттарды халыққа насихаттау мақсатында шығарылған кітапшалар жиналған жамағатқа тегін таратылды.
"Иманғали" орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.04.2015
3537
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру