Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Намаз - ұлы құлшылық (ФОТО)

01.04.2015 4426 0 пікір

Намаз – Ислам дiнiнде иманнан кейiнгi орындалуы қажеттi парыз. Алла Тағала құлдарының тек өзiне ғана құлшылық жасауы үшiн намазды парыз қылды. Құран Кәрiмде жүзден астам аятта «Намаз оқыңдар» деген әмiр кездеседi. Хадис шәрифте: «Алла Тағала, әр күнi бес уақыт намаз оқуды парыз қылды. Бес уақыт намазына ерекше мән берiп, шарттарына сәйкес оқыған жанды пейiшке кiргiзетiндiгiне Алла Тағала уәде бердi», - деп айтылады.

Міне осы парызды жете түсінген бір топ аға буын өкілдері «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітіне  өз жұбайларын ерте келіп намазға жығылды. Қасиетті парызына  ниет еткен бұл ағаларымыз кезінде түгелдей  облыс, аудан, қала  әкімі қызметтерін атқарып, ел басқарған  Адамов Абызбай, Асқаров Сапарғали, Байболатов Сапарғали, Байғұрманов Ермат, Жантурин Абылай, Кеңесбаев Кенже, Меңдібеков Амангелді, Омаров Самат, Түгелбаев Әбілхақ, Шөкеев Рымтай, Шайырғалин Ғұмар сынды танымал адамдар. Бүгінде алды 70-тің бел ортасында, соңы 60-тан асқан.

Ағаларды алдымен облыстық мешітіміздің бас имамы Нариман Ермекұлы қабылдап, оларға намаз хикметі, намаз оқудың артықшылығы  туралы қысқаша уағыз айтып, орталық мешіттің ішкі жағдайымен толық таныстырып, өзі имамдық етіп ақшам намазын жамағатпен оқыды.

Өкіл имам Н.Исенов өз сөзінде: «Намаз – дiнiмiзде орындалуы әмiр етiлген ғибадаттардың ең құндысы. Бір хадис шәрифте: «Мұсылман мен кәпiрдiң арасындағы айырмашылық – намаз»- деп, намаздың маңыздылығы мен өзектiлiгiн атап өткен. Яғни иман келтiрген құл намаз оқиды, ал кәпiр намаз оқымайды. Мұнафиқ (екi жүздi) бiрде оқыса, бiрде оқымайды. Мұнафиқ тозақта қатты азап шегедi. Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Қиямет күнi намаз оқымағандарға Алла Тағала ашулы, қаһарлы түрде мәмiле жасайды» - деп айтып өткен. Намаз оқу – Алла Тағаланың ұлылығын аңғару, әрі Оның құзырында қаншама әлсіз екенімізді түсiну. Бұны жете түсiнген адам әрқашан жақсылық жасайды. Жамандықтан аулақ болады. Күнде Жаратқан иесiнiң құзырында бес рет болуды ниеттенген жанның жүрегi ықласқа толы болады. Намазда орындалуы әмiр етiлген  әрбiр әрекет адамның жүрек тазалығына әрi денесiне пайдалы әсерін тигізеді. Намаз адам баласына тыйым салынған, жағымсыз iс-әрекеттердi iстеуден бас тартқызады. Күнәларға кәффарат (өтеу) болады. Бұл жайында хадис шәрифте: «Бес уақыт намаз  үйiңіздің алдынан ағып жатқан өзен секiлдi. Ол өзенге күнiне бес рет жуынған адамның кiрі кетіп, күнәлары кешіріледі» - делінген деп қысқаша уағыз айтты.             

Осы келелі шараға ұйытқы болып жүрген облыстық «Әбу Ханифа» ҚҚ-ның директоры К.Кеңесбаев ағамызды сөзге тартқанымызда: «Мен өз басым дін саласына байланысты қызмет атқарып жүргеніме бір жылдан астам уақыт өтті. Сонда аңғарғаным, дін – от тәрізді дүние, абайлап, жөнімен алып жүрмесең не өзіңді, не өзгені күйдіресің. Қазіргі жастардың дінге бет алысы тәуір-ақ, әсіресе жұма намаздарына, айт намаздарына мешітке ағылып бара жатқан адамдарды көргенде Аллаға шүкір деймін. Халықтың Ислам дініне бет бұруы – бақытымыздың бастауы деп білемін. Ислам ғұламалары «Уақыт қылыш тәрізді, сен оны кеспесең ол сені кеседі» деген екен. Аға буын өкілдері біздер енді ғұмырымыздағы қалған уақытымызды құлшылыққа, жарқын болашаққа, екі дүниенің бақыты үшін арнауымыз керек.  Кейбіреулер дінге қиналғаннан келіп жатады, бастарына іс түссе намазға жығылады. Ал мен өзімді дінге саналы түрде келдім дей аламын.  Алла қай күні жүрегіңе иман береді, сол күні намазға жығылады екенсің. Алғаш намаз оқығанымда жоғарыдағы тылсым күшпен керемет байланыс орнағандай болды. Дұға оқи бастасаң көзге жас келіп, өзгеше күйге бөленесің. Намаз оқығалы бері, әлхамдулилла, көп дүниеге сабырмен қарайтын болдым. Адам баласына бәрінен де иман қымбат. Ол адамды тәубесіне келтіреді, қанағатшылдыққа тәрбиелейді, ізгілікке жетелейді. Намаз оқыған кездерімде керемет бір күй кешемін. Қуанып, толқып тұрамын»,-деп ағынан жарылды.

Қазақта «ештен кеш жақсы» деген мақал бар.  «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға құлшылық парыз» (Абай)  болғанындай алдыңғы толқын ағалардың үлкен жамағат болып келіп Алланың парыз еткен намазына  ұюуы өзге де замандастарына үлгі-өнеге болары анық. Ағалар мен апалар өз кезегінде намаздарын үзбей оқи жүріп, әрбір дүйсембі күні орталық мешітте бас қосып имандылық дәрістерін тыңдап тұратын болып келісті.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру