Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ұлыс күннің ұлағаты (ФОТО)

31.03.2015 3353 0 пікір

Қыстың қаһарлы ызғары тарқап, жаздың жаймашуақ нұры себелейтін Наурыз мерекесі Ақмола облысында ыстық ыждаһатпен аталып өтті. Биылғы Наурыз мерекесі ҚМДБ-ның «Дін және дәстүр жылы» бастамасының жалғасуына байланысты жаңа қырынан нақышталды. Ұлыс күнін облысымыздың барлық аудандары өздерінің ұлттық дәстүрге негізделген шараларымен қарсы алды.  Бұл жолғы көпшілік-мәдени шараларға жергілікті мешіттер мұрындық болды.

Науан хазрет атындағы орталық мешіт сауат ашу курсында оқитын шәкірттерге және әйел жамағатқа арнап дастархан жайып, наурыз көжеден дәм татқызды. Онда  шәкірттерге ұлыс күнінің басты тағамы – наурыз көженің маңызы жайлы әңгіме айтылды. Бұл мерекенің дініміздің басты қағидаларымен астасып жатқаны да ортаға салынды.

Ал, наурыз мерекесіне арналып ұйымдастырылған  шағын футбол жарысына барлығы сегіз команда қатысып, бұл жолы Науан хазрет атындағы орталық мешіттің командасы бас жүлдені иеленді.

Мешіттің жамағаты Мұрат қажы Ыдырысовтың баласы Ораз Мұратұлы наурыз мерекесін жаңаша сипатта атап өтті. Қыдыр ата болып киінген  дана баршаға көл-көсір ақ тілегін ақтарып, ұлттық салт түрлерінен тағылымды бағдарлама ұсынылды. Мерекеге жиналғандарды облыс имамы Қанат Қыдырмин құттықтап, ұлттық дәстүр мен шариғат негіздері жайында  уағыз айтты.

Қала іргесіндегі Краснояр кентіндегі орталық алаңға үш кигіз үй тігілді.  Ал, кент имамы бастамасымен кигіз үйлердің жанына қазақы тазылар байланып, қыран құстар тұғырға қонды. Мерекені тамашалауға келген адамдар да  күнде көре бермейтін қазақтың қазыналары тазы мен қыран құстың жанында суретке түсіп, мәз-мәйрам болды.

Алтыбақан тепкен жастар  ән айтып, көңіл көтерсе, боз кілем балуандар белдесуімен тартысты өтті. Арқан тартып, тоғызқұмалақ ойнағандар да  сый-сияпатсыз қалмады.

Ұлыс мерекесінің  де басты нышаны – наурыз көже болса, одан дәм татып, кигіз үйлерден тегін тамақ ішкен жұрт шынайы мерекенің куәсі болды. Келімді-кетімді адамдарға тегін палау мен бауырсақ таратылды. Ал, орталық алаң жанындағы мешіт асханасында ел ақсақалдары мен жамағатқа ас берілді.

Облыстың өндірісті қаласы  Степногорскіде наурыз мерекесі жамағат арасында өткен волейбол жарысымен жалғасса, Сандықтау ауданында қазақ күресі мереке көрігін қыздырды. Ал, Целиноград аудандық мешіті ұлттық ойындар түрінен жарыстар ұйымдастырды. Мұның соңы – қазақтың ат бәйгесімен аяқталып, жүлдегерлер арнайы сыйлыққа ие болды.

Зеренді ауданында  көже пісіріліп, мерекеге келген тұрғындар дәм татты.  Мұндай игі мерекелік шаралар барлық аудандарда аталып өтті. Ең бастысы, дін мен дәстүр жылы арқау болған наурыз мерекесінің тағылымы осылай арта түсті.

Ұлыс күнгі тойдың осылай сәні келіп, өз жарасымымен жалғасын тапты.

Бақыт СМАҒҰЛ,
Ақмола облысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру