Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Кезекті дастархан Атырау жамағатын ынтымаққа бастады

31.03.2015 3203 0 пікір

Осыдан бір жыл бұрын ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров өңірдегі жамағаттың бірлігін арттыру мақсатында «Ынтымағы жарасқан ел озады» деген бастаманы қолға алған-ды. Міне, сонан бері әр ай сайын қала мешіттерінде дастархан жайылып, жамағаттың басын қосу шарасы дәстүрге айналды.

Наурыз айының 28-күні аталған бастама аясында «Иманғали» орталық мешіті кезекті жамағат дастарханын жайды. Оған шамамен 400-ден астам жамағат жиналып, өзара ынтымақтың қалыптасқанын тағы бір көрсетті. Игі шарада өңірдің өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров әуелі сөз алып, берекесі мол дастархан басында жиналған жамағатқа ынтымақ болса ғана, ырыс пен ынтымақтың келетінін атап, асыл дініміз исламның тек қана бірлікке үндейтінін жеткізді. Сондай-ақ, қалалық «Әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы, теолог Қанат Жұмағұл «Байлық пен кедейлік» тақырыбында уағыз айтып, байлықтың мақсат емес, кедейліктің ұят емес екенін аят-хадистермен жеткізді. Тұщымды уағыз мұнымен шектелмей, онан әрі жамағат тарапынан қойылған сұрақтардың төңірегінде жалғасымын тапты.

 Иә, жамағаттың мешіт дастарханынан емен-жарқын дәм татуы, бір нанды үзе жеп, өзара қауқылдасуы, уағыздан нәр алып, дұрыс бағытқа жол ашуы, тіпті сеніміне селкеу түскен жандардың да осы жерден табылуы кәдімгідей қуанту үстінде. Себебі, діни ахуалы күрделі аймақ үшін бұл шара ауыз толтырып айтуға тұрарлық дүние. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, сырттан күш алып, өз елін іштен іріткісі келетін жандарға жол бермеу ниетімен жайылған ақ дастархан басында ынтымағы жарасқан жамағатымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», досы көпті жау алмайтындығын дәлелдеді. Мұның барлығы имамдар тарапынан жасалған тынымсыз істің бір ғана жемісі деп білген жөн.

Дастархан соңында елдің амандығы, халқымыздың ынтымағы, отанымыздың мұнан әрі өркендеп-дамуы үшін дұға жасалды. Жақсы отырыстың куәсі болған ағайындар мешіт ұжымына деген шексіз ризашылықтары мен алғыстарын білдірісіп тарқасты. Айта кетейік, мұндай игі шара әр айдың соңғы сенбісінде дәл осылай жалғасын таба беретін болады.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру