Осыдан бірер күн бұрын «Әзірет Сұлтан» мешітіне «Перзент» балалар үйінің тәрбиеленушілері келіп, қонақ болып қайтқаны туралы жазған болатынбыз. Оқушылардың аралық демалысын пайдаланып, Астана қаласын аралап қайтуға келген қамкөңіл жастарымыз жұма күні жамағатпен намаз оқып, мешітіміздің құрметті қонағы болған еді.
Алматы қаласында орналасқан «Перзент» балалар үйі – Әмина Әжібаева апамыздың тікелей бастамасымен ашылған жеке меншік жанұялық типтегі қайырымдылық үйі. Қажы апамыздың қамқорлығы мен қайырымдылығының арқасында бұл үйден қаншама жетім жастың жасы құрғап, қанаттарын қатайтып, болашаққа бағдар тапқан болатын.
Кеше Әмина апамыз «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйелдер жамағатымен кездесу өткізіп, өнегелі өмірі турасында, қайырымдылыққа толы қадамдары жайлы кеңінен сөз толғады. Кездесу барысында «Перзент» балалар үйінің жағдайы да жамағатқа жан-жақты түсіндірілді. Кездесуге келген жамағат арасынан Әмина апамызға сұрақтар қойылып, тұщымды сұхбат өрбіді.
Кездесуден соң Әмина апамыз бен оның балаларына арнайы дастархан жайылып, жас бүлдіршіндерге сыйлықтар таратылды. Балалардың шат күлкісімен әрленген дастархан басында қажы апамызға қайырымдылық істері үшін алғыс айтылып, сауапты істерінің жалғасты болуына ниеттестік білдіріп жатты. Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан «Перзент» балалар үйіне 300 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.








ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.03.2015
4494
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру