Наурыз − достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, баршаға жақсылық тілеседі. Жақсы істер қолға алынып, үлгі-өнегенің ізін қалыптастырады. Міне, наурыз мерекесі қарсаңында Атырау облысында төмендегідей біршама игі істер қолға алынды.
Балалар сыбағасыз қалмады
20-наурыз күні Наурыз мейрамы қарсаңында "Атырау қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы" мекемесінде қайырымдылық-мерекелік шара өтті. Жиынға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы арнайы қатысты.
Аталмыш балалар үйінің тәрбиеленушілері өлең оқып, көрініс қойды. Жиылған қауым балалардың жасаған игі істеріне тәнті болды. Өңірдің өкіл имамы Б.Мансұров сөз алып: "Жетімге қамқор болғандар жәннатқа бірінші кірген пенделердің қатарында болады. Жетімнің басын сипағандар жәннатта пайғамбарға (с.ғ.с.) көрші болу мәртебесіне ие болатыны белгілі. Өйткені, хадисте солай делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жетімді өз кепілдігіне алып, қарайласқан адам және мен екеуміз жәннатта мынадаймыз», – деп екі саусағын біріктіріп көрсеткен", - деп осындай қамкөңіл балаларды тәрбиелеп отырған мекеме ұстаздарын жігерлендірді.
Шара соңында "Иманғали" орталық мешіті балаларға дайындаған сый-сыяпаттар таратылды. Сондай-ақ, арнайы әзірленген мерекелік дастархан балалар үшін жайылды.
Наурыз мерекесі Жылыой ауданында
Наурыз айының 20-жұлдызында қасиетті жұма күні Атырау облысы, Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылында наурыз мерекесі тойланды.
Ауыл әкімі Е.Елеусінов, ақсақалдар төрағасы Ж.Көшекбаев, «Қапан қажы» мешітінің имамы Ж.Ыбыраш ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады. Наурыз мерекесіне көже, тәтті тағамдар, ұлттық дәстүрді жаңғыртатын қойылымдар көрсетілді. Сонымен қатар, Қазақстанға белгілі №3 мектептің әнші балалары ән шырқады.
Наурыз дастарханы жайылып, қойылым арқылы қазақтың салт-дәстүрлері дәріптелді. Ауылдың ақсақалды аталары мен ақжаулықты әжелері қазақы киімдер киіп, шашу шашты.
Алғабас ауылы да тойлады
Наурыз айының 21-жұлдызында қалаға қарасты «Кең-Өзек» селолық округі, Алғабас ауылы әкімшілігінің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі кең көлемде өткізілді.
Халықтық шарада округ әкімі Ғарібжан Төлеуұлы Әбішев ауыл тұрғындарын ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Келесі сөз кезегін алған ауылдық «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Рахметұлы Бағытжанов ел-жұртты төл мерекемен құттықтап, наурыздың ислам шариғатына еш қайшылығы жоғын дәлел-дәйектермен атап, бұл мейрамда ел үшін жасалар сауапты амалдардың мол екендігіне тоқталды.
«Кең-Өзек» ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жүсүп Дүйсебаев халықты құттықтап, ақ батасын берді. Жиылған жұрт наурыз көжеден дәм татып, мерекелік ән-күйді тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Мешіт жамағаты спорттық шара ұйымдастырды
Сахаба Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жүлде тек ат жарысына немесе түйе жарысына, яки найза лақтыру (садақ ату) жарысына беріледі» - деген. Жоғарыдағы мысалдардан Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің үмметіне салауатты өмір салтын насихаттап, соны дамытуға шақырғанын байқаймыз. Ендеше, мұсылман денінің саулығына себебін тигізетін және оны шынықтыратын спорт түрлерімен әуестенуі сүннет амалына жатады.
Жылыой ауданы, Жаңа Қаратон кентінде орналасқан "Нұрқас-Сатыбалды" мешітінің жамағаты Жұмағалиев Талғат сонау бала күнінен күрес спортының джиу-джитсу бағытымен шұғылданып келеді. Талғат республикалык, халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделермен оралды. Жеңімпаз әрі мешіт жамағаты Талғат Жұмағалиев 22-наурыз күні Қазақ хандығының 550 жылдығына және наурыз мейрамына орай әскери самбоның джиу-джитсу бағытындағы біріншілікті алғаш рет Жылыой ауданында ұйымдастырды.
Біріншілік Жылыой ауданы, Жаңа Қаратон кентінде орналасқан №23 орта мектебінде өтті. Айта кетейік, спорт шебері мектептен секция ашып, жас өспірімдерді аталмыш спорт түріне баулуда.
Шараға елімізге белгілі ''Астана арландары'' командысының өкілдері келіп төрелік етті. Сайысқа 15 пен 25 жас арлығындағы жас өрендер, ауданның әр округынан келіп қатынасты. Шараның ұйымдастырылуына ''Нұрқас-Сатыбалды'' мешітінің жамағаттары мен кент жастары демеуші болды. Сайыскерлерге дайындалған мақтау қағазы мен жүлделерді мешіт имамы Жалғас Рейимов табыстады.
"Иманғали" орталық мешітінің баспасөз қызметі





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.03.2015
3856
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру