Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 2014-2018 жылдарды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауына орай, қаламыздың мешіттері осы бағытта көптеген шаралар атқарып келеді.
Алматы қаласы, Алатау ауданының үш бірдей мешітінде «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» атты рухани мерекелік іс-шара өтті.
«Бекет-ата» мешітіндегі мерекелік шараға қатысқан Алматы орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет және Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Ертайқызы жиылған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, айтулы мерекенің қазақ халқы үшін маңыздылығына тоқталды. Ауданның Бас имамы Орынбасар қажы Дәуренбеков келген қонақтарға алғыс айтып, мерекелік шараға сәттілік тіледі.
Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз мерекесінде ақсақалды қариялардың, ақ самайлы әжелердің ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, бата беру дәстүрі бар. Қариялар арасында «Ел егемендігіне – ақ бата» атты жарыс ұйымдастырылып, батагөй қарияларымызға ҚМДБ-ның Иман журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек және ҚМДБ-ның заңгері Сағитжан Дәулетияр қазылық етті. Үздік бата берген ақсқалға умра қажылығы, екінші орынға ел ордасы – Астанаға сапар және үшінші орын алған қарияға еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласына жолдама берілді.
Ал, ақжаулықты әжелеріміз қазақтың тұсау кесер және баланы бесікке бөлеу дәстүрінен қойылым қойып, бесік жырын айтса, қарияларымыз дастархан басында ақ баталарын беріп, келген қонақтарға мешітімізде арнайы дайындалған наурыз көжелер ұсынылды.
Және де мешіт алдында балаларға ойын алаңы құрылып, мерекелік қойылымдар қойылды. Қазақтың ұлттық ойындары қазақша күрес, арқан тартыс, қол күрес және асық ату сынды ойындарымен балалардың көңілін көтерді.
«Мырзахмет» мешіті де әз-Наурыз мерекесін ұлттық нақышта атап өтті. Қырғыз және ұйғыр ағайындылар да белсене атсалысқан мерекеде қазақтың ұлттық ойындары қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес және бұқа тартыстан жарыстар ұйымдастырылды.
Қазақша күрестен жеңіске жеткен палуанға теледидар, бұқа тартыстың жеңімпазы мен кір тасын бағындырған палуанға қой берілді.
Сондай-ақ мерекеде мұсылманшылықтың белгісі азан шақырып ат қою және қазақ халқының тұсау кесер сынды салт-дәстүрлері сахналанды.
«Қыстаубайұлы Манас» мешіті де қалыс қалмай, мерекені ұлттық нақышта өткізуде ерекшеленді. Келген қонақтарға дастархан жайылып, наурыз көжесі таратылды. Қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Табиғаттың жаңару мерекесін қуанышпен қарсы алып, бірін-бірі кешіріп, көптен көрмеген ағайынымен көрісіп, бір дастархан басында наурыз көже ішіп, Жаратқанға шүкіршілігін жаудыратын Наурыз мерекесінің тәуелсіз еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Олай болса, ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі - наурыз мейрамы барша жұртымызға құтты болсын!
Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің баспасөз қызметі




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.03.2015
5164
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру