Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наурыз мейрамына қажылар шақырылды

25.03.2015 3516 0 пікір

Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылдық мешітінде наурыз мерекесі күні арнайы шара ұйымдастырылып, мешіт асханасына кең дастархан жайылды. Ұлттық тағамдар мен сусындар қойылған дастарханға өңірдегі қажы атанған ақсақалдар мен апалар шақырылды. Мешіт имамы Айдос Муталиев бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының «Ислам және жергілікті халық дәстүрі мен мәдениеті» мақаласын уағыз етіп айтып, жиылған қонақтарға дін мен дәстүр сабақтастығы жөнінде әңгімеледі.

Жасы үлкен қонақтар наурызкөжеден ішіп, бір бірімен сұхбат құрып,көптен көріспегендері  арқа жарқа амандық сұрасып, бір дастархан басында жиналғандарына қуанғандарын жасыра алмады.

Маңғыстау өңіріне белгілі, қажылыққа барып, бүгінде шариғат бекіткен амалдарды бар ынтасымен орындап жүрген мешіт ақсақалы Лепес қажы келген қонақтар атынан  сөз сөйлеп,  халқымыздың қадір тұтар ұлттық мерекесінің өзіндік алар орны зор екендігін, ұрпақ тәрбиесінің негізі осындай ұлттық бояуы қалың, дәстүрі жоралғысы мол мейрамдарда орын алатындығын айтты. «Кейінгі ұрпақ ел мен жердің бірлігін сақтап, халқымыздың салт дәстүрін құрметтейтін, білімге жетік, инабатты ұрпақ болса екен дейміз. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы айтқандай,  біз салт дәстүр дегенде тек қана мәдени әдет –ғұрыптарымызды ғана емес, ата -баларымыздан қалған тағылымды тәрбие ұстанымдарын , ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұрамызды айтамыз. Осы мұраны қадірлесек, ұлттық болмысымыз үзілместен сақталары даусыз»,- деді Лепес қажы ақсақал.

Ас соңында құран оқылып, бата айтылды. Әдемі отырыста әсерлі әңгімелер айтысқан қонақтар бір –біріне амандық тілеп, қоштасып тарасты. 

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру