Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шуағын шашқан Наурыз Нұр-Мүбаракта (ФОТО)

24.03.2015 3707 0 пікір

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен «Нұр Отан» халықтық партиясының өкілдері бірлесіп көктем мерекесі «Наурыз» мейрамын атап өтті. Көрікті көктем мерекесі халқымыздың ақ батасымен ашылды. Жиылған жұртқа құттықтау сөз сөйлеген университет ректоры Жуда Абдулғани Басюни: «Ислам діні әрбір халықтың салт-дәстүрі мен тарихына құрметпен қарайды. Ал шуақты көктем мезгіліндегі Наурыз мерекесінде ағайын-туыстар қуанып, бірліктерін арттыратын бұл мейрамның қазақ елі үшін орны бөлек екенін білеміз. Сондықтан, баршаңызды көктем мерекесімен құттықтаймыз»,-деп жүрек жарды лебізін білдірді. Ал проректор Шамшәдин Керім мырза ұлыстың ұлы күні оқу орнымызға қонақ болып келіп отырған «Нұр Отан» партиясына алғысын айта отырып, бүкіл университет ұжымын жақсы жаңалықтарымен қуантты. Жуырда ғана университетте Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда озық шыққан студенттерге марапаттау жасалды. «Нұр-Мүбарак» университетінің ғылыми орталыққа айналдыруға қатысты қадамдардың ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдауға ие болғандығы жайлы сүйінші хабарлармен бөлісті.

Еліміздегі имандылықтың өркен жайуы мемлекет болашағының кепілі екені сөзсіз. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясының жетекшілігімен Алматыдағы Оқушылар сарайындағы мектеп оқушыларынан құрылған өнерлі өрендер әннен алқа тағып, биден шашу шашты. Мерекенің екінші бөлімінде жиылған жұртқа дастархан жайлып, ұлттық тағамдардың түр-түрі, ең бастысы наурыз көже құйылды. Дастархан басында ақ тілектер айтылып, Алладан еліміздің тыныштығы мен әрбір шаңырақтың амандығы сұралып, бата жасалды. Ал наурыз көженің дәмін татып, әл жинаған ағайын арқан тартысып, білектің күшін сынға салып, түрлі спорттық ойындар ойнатылды. Наурызға келген балаларға түрлі ойыншықтар таратылып, барлығы мәре-сәре болды.

Ия, кең байтақ қазақ даласына күннің көзі күлімдеп, шуағын төгіп, күн мен түн теңеліп, күн ұзарып, жаңа тіршіліктің бастау алар Наурыз мерекесінің жөні бөлек, орны ерек. Табиғаттың жаңару мерекесін қуанышпен қарсы алып, бір-бірін кешіріп, көптен көрмеген ағайынымен көрісіп, бір дастархан басында наурыз көже ішіп, Жаратқанға шүкіршілігін жаудыратын Наурыз мерекесінің тәуелсіз еліміздің тарихында алатын орны ерекше.

Айша Кеңесбай
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру