Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наурызбай ауданындағы «Әз наурыз» мейрамы (ФОТО)

24.03.2015 4139 0 пікір

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 2014-2018 жылдарды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауына орай мешіттер осы бағытта көптеген шаралар атқарып келеді.

Соның бір айғағы бүгін, ҚМДБ-ның Жастар ісі бөлімі бекіткен жылдық жоспары аясында Бас имам Нұрбек қажы Есмағанбеттің тапсырмасымен Наурызбай ауданындағы «Әбу Бәкір», «Нұр», «Қалқаман» және «Қарағайлы» мешіттері бірлесе отырып, Қарағайлы мешітінің ауласында «Әз Наурыз» атты мерекелік мәдени шара өткізді.   

Ақсақал Шакиров Мұхтар атаның батасымен ашылған мейрамда Алматы қаласының Бас имамы Есмағанбет Нұрбек қажы, Наурызбай ауданының әкімі Қуаныш Қалиұлы, Имамдардың білімін жетілдіру институтының ректоры, Төле би мешітінің Бас имамы Кенжәлі қажы Наурызбай ауданының Бас имамы Абдухамит Асханұлы, Түрксіб ауданының Бас имамы Мидғат Асқарбекұлы және өзге де құрметті ардагерлер, ақсақалдар мен әжелер қатысып, мерекенің сәнін келтірді. Қонақтар халыққа құттықтауларын жеткізіп, дініміз бен дәстүріміздің байланысы жайында көркем сөздерін айтты.  

«Нұр әжелер» тобы өздерінің өнерлерімен мерекенің көркін келтіріп, термеші, әнші жігіттердің әуелеген әндері оның сәнін тіптен арттыра түсті.

Мешіт ауласында екі киіз үйі тігілді, сонымен қатар халыққа дастархан жайылып, келген қауым түгелдей наурыз көжеден дәм татты.

Мереке барысында Наурызбай ауданының Бас имамы Абдухамит Асханұлы құрметті қонақтардың иығына ата салтымен шапан жауып, осы ауданда орын тепкен «Ақ үміт» жетімдер үйінің басшылығына, мешіт жұмыстарына еңбек сіңіріп жүрген ізгі жандарға, аудандағы мешіт ұжымдарына рахмет айтып, алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген игі дәстүрмен, Бас имам Нұрбек Әуесханұлы және аудан әкімі Қуаныш Қалиұлы мешіт ауласына көшет отырғызды.  

Жас бүлдіршіндердің қуанышына арнайы әзірленген ойын алаңы мен алты бақан маңайынан балалардың шаттық үні естіліп жатты.  

Мәдени шараның арты спорттық ойындарға ұласып, қазақша күрес, арқан тартыс, қол күресі, гір тасын көтеруден жарысқа түскен жастар легі мерекені онан сайын қыздырды. Қазақ күресінен спорт шебері, бірінші дәрежелі төреші Хамитов Жангелді төрелік етіп, әр салмақтағы жеңімпаздарға «мақтау қағазы мен қаржылай» сыйақылар берілді. Түйе палуандағы бірінші орын жүлдесіне еліміздің салтын жаңғыртып қой тігілді. Оны Қарағайлы мешітінің жамағаты Әкімбаев Данияр иеленді. Сонымен қатар қол күресі мен арқан тартудың жеңімпаздары да марапатталды. Шалқар ауылының имамы Ғалымжан және Шамалған медресесінің шәкірттері «айкидо» спорт түрінен жастарды еліктіретін көрініс көрсетті.

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмысы мен тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, ұлттық мерекеміз Наурыз баршамызға молшылық пен татулық әкеліп, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын демекпіз.

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру