Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз орталығында «Кітап – білім бұлағы» атты рухани-қайырымдылық шарасы игі істің тұсауын кесті. Мазмұнды шараға ҚМДБ-ның Астанадағы өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Астана қаласындағы департамент басшысы Қазбек Әлімбеков және Астана қалалық Дін істері басқармасының өкілі Назимбек Дүйсебаев қатысты.
Естеріңізге сала кетсек, ҚМДБ бағдарлаған негізгі міндеттер қатарында қоғамның санқырлы қатпарындағы, түрлі әлеуметтік ортадағы қауыммен тығыз қарым-қатынас орнатып, дәстүрді діни ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізу де орын алады. Елорда мешіттері жоғары оқу орындарындағы жастар қауымымен, мектеп оқушыларымен, медициналық және түрлі әлеуметтік мекеме қызметкерлерімен түрлі деңгейдегі жүздесулерді жүйелі түрде өткізіп келеді. Бұл ретте маңызы мен салмағы ауыр міндеттердің бір парасы – түзеу мекемелеріндегі жұмыстар. Бүгінде келте пайым, шолақ шешім мен қателік салдарынан опық жеген азаматтар қарасы баршылық. Өткеніне өкінгенімен әрбір істің өтеуі бар екендігін ұғынған адамдар өмірден өз жолын табуға тырысары анық. Бұл ретте жаңылыс басқан жандарға дұрыс бағыт-бағдар беру ісі дін қызметкерлері үшін әрқашанда маңызы жойылмайтын мәселе.
Осындай санқырлы себептерге тоқталған өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы қаладағы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтарға келелі кеңес, байламды бағыт беруде осы мекеме басшыларымен тығыз әріптестік байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Астана қаласындағы департамент басшысы Қазбек Тұрғынбекұлы жазасын өтеушілер арасында діни сеніміне селкеу түсіп, ағым жетегінде кеткен азаматтардың да қарасы бар екенін айтып, оларға дін қызметкерлерінің насихаты қажеттілігі барын жеткізді.
«Қоғамда қалыптасқан ортақ қағида, заманның орта ағысына адамдарды қайта бейімдеу ісі жеңіл жұмыс емес. Бұл қоғамдық орта, қала берді мемлекет тұтастығы үшін де өте маңызды мәселе. Осы орайда азаматтарға рухани білім, дұрыс сенім, көзқарас қалыптастыруда дін қызметкерлерінің алар орны айрықша» деді Қазбек Әлімбеков.
Ал наиб имам Асхат Сәлімов түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші азаматтармен жыл бойы жүргізілетін жүздесулерде көптеген жайттарға куә болатындығын айтты. «Расында, жазасын өтеушілер арасында дәстүрлі діни таным-түсінікке зәру жандар жетерлік. Олармен әңгімелесу барысында Ислам діні жайында тұщымды кітап, сенімді әдебиеттер сұраушылар қарасы көп екенін байқаймыз» дейді наиб имам.
Бүгінгі «Кітап – білім бұлағы» шарасының көздеген мақсаты да осы – түзеу мекемелеріндегі азаматтарды асыл дін жайында тұщымды ақпаратпен қамту, адамгершілікті насихаттау, Ислам діні туралы кітаптарды мүмкіндігінше жеткізу. Осындай маңызды әдебиеттер қатарында ҚМДБ бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен дәстүр», Смаил Сейтбековтің «Иман негіздері», Имам Нәуаидің хадистер жинағы, Серікбай Ораздың «Тәпсір тұнығы», Алау Әділбаевтің «Әбу Ханифа және Әбу Ханифа мәзһабы» және Ризабек Батталұлының «Ақида сабақтары» сынды құнды кітаптар қамтылды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.03.2015
3682
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру