Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мұңаймасын асыл жандар ардақты...

13.03.2015 3730 0 пікір

Астана қаласы «Төлебай» мешітінің бас имамы Ибрагим Келдібайұлы бастаған дін қызметкерлері Ақмола облысына қарасты Малотимофеевка ауылындағы Қарттар мен мүгедектерге арналған үйге арнайы барып, қариялардың қал-жағдайларын сұрап, дидарласты. 150-ге тарта қарияларға мекен болған мекемеде бас имам Ибрагим Келдібайұлы қарттар үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, имандылық аясында әңгіме өрбітті.

«Біздің осы шаңыраққа қадам басқандағы мақсатымыз жай ғана келіп-кету емес, сіздердің өсиеттеріңізді тыңдасақ, қажеттіліктеріңізге жарап, мүмкіндігінше мұқтаждықтарыңызды өтесек, қолғабыс тигізіп, қолқанат бола алсақ деген ниет. Алла амандық берсе, алдағы уақыттарда бұл жүздесулеріміз жүйелі де ұдайы өткізіліп тұратын болады деген сенімдеміз» деген бас имам бүгінгі қайырлы жүздесуге дін қызметкерлерімен қатар мешіттің алқа мүшелері де атсалысып, кәсіпкер ағайын-жұрттың да үн қосып, демеушілік жасап отырғанын қуанышпен жеткізді.

Қариясын қадірлеген қазақ болмысына тән қасиетпен мешіт қызметкерлерінің мұндағы аяулы жандарға ала келген сый-сияпаттары да аз емес екен. Мекемеде шау тартып, қуаты кеміген қариялардың көптігін ескерген олар жуынуға арналған ыдыс-құралдарымен бірге сабын-шампунь секілді тазалық заттарын, жүннен тоқылған жылы киімдер,  аяқ киімдер, азық-түліктер мен тағы да басқа тұрмыстық қажетіліктерін қамтыған. Бұған қоса, асыл дініміз Ислам жайында мол мағлұмат берер кітаптар мен жайнамаздар да таратылды.

Дегенмен, жанары жасаураған қарияларды қуантқаны бұл ғана емес еді. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, қала сыртындағы Қарттар мен мүгедектер үйіне бас сұға қоятын ел қарасы сирек. Қоғамның қалтарысында қамкөңіл күй кешкен жандар бұл кеште дін қызметкерлерінің ықылас-ниеттеріне, Ислам діні жайлы жүрекке жылы уағыздарына риясыз риза болды. Бас имам Ибрагим Келдібайұлы жақын келіп бір әжейдің жағдайын сұраған сәтте қарияның айтқаны: «Менің балам жоқ, ұлым» еді. Сол сәт бас имам:«Неге жоқ? Біз – сіздің балаңызбыз. Біз бармыз. Еш алаңдамаңыз. Сіздермен әрдайым біргеміз» деді.

Иә, қариялар «жиірек келіп тұрыңдаршы» деген өтініштен өзгені қаламап еді.

«Апа, не қалайсыз? Қандай көмек жасай аламыз» деген имамның сауалына тоқсанға таяп, төсек тартқан қарт әже «Шыбын жаным керек, балам. Өмір жастарың ұзақ, дендерің сау болсын, құлыным» деп риза үнмен тіл қатты.

Бұл – жүректі жанның көңілін селт еткізбей қоймайтын сәт еді.

Қариялар бұл кеште имамдарға осындай шексіз алғысын айтып, қимастықпен қоштасты.«Ең бастысы, үміттеріңіз үзілмесін. Біз қай уақытта да сіздердің қызметтеріңіздеміз. Алдағы жұма намазында барша мешіт қызметкерлері, барша мұсылман жамағаты, қалың бұқара болып сіздерге дұға етеміз. Алла амандықтарыңызды берсін. Мұңаймаңыздар, Алла келесі жолы да осы үйде жүздесуімізді жазғай» деді Ибрагим Келдібайұлы қоштасар сәтте.

Жан жылуы бұл жалғанның бағасын арттырып, салмағын сезіндірерін Қарттар үйіндегі кештен ұққандаймыз. Кешке куә жандарға – өмірдің өзі өнеге. Жаратқан Жаббар иеміз барымызды бағалауды, қартымызды қадірлей білуді жазсын. Әмин!

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру