Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имам мен Иманға қатысты қос кездесу (ФОТО)

13.03.2015 3270 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетінің студенттері қатарынан маңызды қос кездесудің куәсі болды. Университеттің биылғы түлектерімен әуелі Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет мырза  кездесіп,  имамдық қызметтің маңызына тоқталды. Өзінің еңбек жолын шалғай ауылдан бастап, табаны күректей 10 жыл бойы Қарқаралыдағы имандылықтың күшейуіне күш жұмсап қана қоймай, жат ағымдармен күресуді шебер меңгерген Нұрбек Есмағанбет мырзаның тәжірибесі  болашақ исламтанушыларға ерекше ой тастады. Имамның  қажырлы еңбегін ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Нұрбек Есмағанбетті жат ағымдар жайлаған  Атырау облысына  өкіл имам етіп жіберді. Елдің сауаттылығы мен білікті имамдар арқылы теріс ағымдардың бетін қайтарудан тәжірибесі мықты имамның еңбегі ескеріліп, қазір алуан түрлі жамағаттың ортасына айналған Алматы қаласында бас имамдық қызметін атқарып келе жатқан  Нұрбек Әуесханұлының сұхбаты болашақ имамдарды серпілтіп тастады. Олар  «Үлгілі имамның» тұлғасы туралы шынайы өмірдің кейіпкерінен өздерін мазалаған сауалдарға жауап  тауып  қана қоймай ақ батасын да алды.

Имамдықты сөз еткен Нұрбек  Әуесханұлынан кейін кездесуді елдегі имандылықты күшейтейік деп Шығыс Қазақстан облысынан келген бір топ мамандар жалғастырып кетті.  «Нұр-Мүбарак» университетінің басшылығымен  өзара  ынтымақтастық меморандумына қол қойған ШҚО-ның делегациясын облыстық Дін Істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов бастап келген. ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Нұрлан  Асанов, Семей өңірі бойынша өкіл имам Мақсат Алтыбайұлымен бірге Бесқарағай, Аягөз, Зайсан, Тарбағатай аудандарының    ішкі  саясат бөлімінің басшылары да бар.  Кездесу барысында қазір бір ғана Өскемен қаласында  350 мыңдай  тұрғынның тек 35 пайызы ғана қаракөздер құрайтыны, яғни  қазақ халқы сирек қоныстанған өңірдегі ата дініміздің ахуалы жан-жақты сөз болды.  Аймақтағы  200-ге жуық мешіттің санаулы бөлігінде ғана білікті мамандармен қамтылған. Облыстағы бүкіл мешіттерді білімді имамдармен қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі кездесудің негізгі өзегі болды.  Енді жаңадан қол қойылған меморандумға сәйкес ШҚО-нан университетке  талапкерлер жіберіліп, сондай-ақ, университет тарапынан аталған аймақта араб тілін үйрету орталығын ашуға қатысты келісім жасалды. Өйткені, ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес университет бағдарламасында гуманитарлық пәндердің болуы  әрі  діни пәндерден  мысырлық ғалымдар таза араб тілінде дәріс беретіндіктен  араб тілін үйреніп келудің артықшылықтары пысықталды.  Ал ШҚО-ның делегациясы  болашақ университет түлектеріне Өскемен, Семей өңіріне келіп еңбек ету жайлы ұсыныстарын айтып, аймақтағы діни ахуал жан-жақты сараланды.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру