ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қасиетті жұма күні ақшам намазынан кейін Атырау қайырымдылық мекемесінің Ер балалар пансионатында болып, онда тәлім алып жатқан мектеп, колледж және университет қабырғаларында оқып жүрген шәкірттермен кездесу өткізді.
Бас имам Б.Берденұлы «Пайдалы білім алудың мән-маңызы» тақырыбында уағыз айтып, дұрыс ілімнің аясында еліміз бен жерімізге қызмет етудің сауаптылығына тоқталды. Сондай-ақ, дәл бүгінгі күні жастардың жағасынан алып, сеніміне селкеу түсіруді мұрат еткен жат ағымдардан сақтануға шақырды.
«Имандылық дегеніміз – ең алдымен дінді дұрыс түсіну, жақсы білім алу, ата-ананы сыйлау, ұстаздарды құрметтеу, айналаға қамқор болу. Егер сіздер дұрыс тәрбие алсаңыздар, жақсы оқысаңыздар, ата-аналарыңыз мақтан тұтып, өзгелерге өнеге ететін болады. Өйткені, ата-ананы сыйлау – дініміздің әмірі. Өкінішке орай, кейбір жастар ұстаздан білім алмай, танымайтын жандардың уағызын тыңдаймын деп жүріп, ата-аналарына қалай қарсы келіп жатқандарын білмей жатыр.
Міне, дінді теріс түсінудің салдарынан пәк дін исламға жастар қолымен күйе жағылуда. Сол үшін имандылықты, адалдықты ту етіп, Отанды шексіз сүйіп, аянбай білім алып, уақытымызды жақсы істерге жұмсай білуіміз қажет», - деді бас имам өз сөзінде.
Келелі кездесуде емен-жарқын пікір алмасқан шәкірттер өздерін де таныстырып, бас имам Батыржан Берденұлына алғыстары мен ризашылықтарын жеткізді. Мұнан әрі өңір имамы шәкірттерге тиесілі кітапхана, асхана, оқу бөлмелері мен жатын орындарын аралап, білім ошағының хал-жағдайы, тыныс-тіршілігін көрді.
Осы сапарда медресе ұжымымен де арнайы кездесіп, шәкірттердің оқу жоспарымен танысты. Ұстаздар мен тәрбиешілердің қызметіне береке тілеп, Діни басқарма аясында біріге жұмыс жасаудың елге береке әкелерін атады.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.03.2015
3750
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру