Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақжаулықты аналар ардақталды (ФОТО)

10.03.2015 3769 0 пікір

Астана қаласы Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті. Елорда имамдары қолға алған игі шара барысында қарт аналарға құрмет көрсетіліп, жырдан шашу шашылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ақ жаулықты аналарға жылы лебізін арнап, ізгі тілегін білдірді. «Қариясы бар елдің қазынасы мол. Сіздердің тілек-ниеттеріңізбен, баталарыңызбен өсіп-өніп отырмыз. Халқымызда «жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген мазмұны терең сөз бар. Алла дендеріңіздің саулығын берсін. Бүгінгі сый-құрметіміз сіздерге арналады» деді өкіл имам. Қым-қуыт қарбалас тіршіліктің жолымен уақыттың ұшқан құстай зымырап жатқанын еске салған бас имам аналарға әрқашан да құрмет көрсетіп, әр күн қуанту мұсылманның міндеті екенін айтты. Арнайы бір күн көңіл бөліп, сұхбат құрып, өнегелі өсиеттерін тыңдаудың да артық еместігін жеткізді.

Бүгінде Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде ҰОС ардагерлері де бар. Өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы осы қарияларды арнайы құттықтап, гүлдер мен сыйлықтар табыс етті. Құрметке лайықты қарттар қатарында 102-ге келген Марфуға Исенова мен 100 жасаған Анна Лазарева 18 жасқа келген өрімдей шағында сұрапыл соғыстың зұлматына куә болған, көргені мен түйгені мол жандар. Қарияларға арналған қайырымдылық кешінде дін қызметкерлері 160 ақжаулықты ана-апаларға сый-сияпат тарту етті. Өз кезегінде қариялар имамдардың қарт кісілерді қоғамнан қалыс, көңілден таса қалдырмай арнайы зиярат етіп келгеніне ризашылықтарын білдіріп, ақ жүректен алғыс айтып, батасын берді.

Айта кетейік, Елорда дін қызметкерлері қаладағы Қарттар және балалар үйінде жиі жүздесулер ұйымдастырып, түрлі деңгейдегі игі шараларды өткізуді дәстүрге айналдырған. «Қайырымдылық, мейірімділік әрбір мұсылманнан табылуы тиіс сипаттар. Себебі, асыл дініміз осыған үндейді. Қазақы танымымыз ізгілікке шақырады» дейді Наурызбай қажы.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру