Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақ батырының келіні – бас мешітте (ФОТО)

09.03.2015 3827 0 пікір

Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білген қазақ әйелі қашан да құрметке ие болған. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ.

Бүгін қазақтың маңдайына жарқырап біткен ерен ұлдарының бірі, батырымыз Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова имандылық ордасы «Әзірет Сұлтан» мешітінде әйелдер қауымымен кездесіп, нәзікжандылардың қоғамдағы орны, салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық тәрбиенің заманауи мазмұны, жаһандану дәуіріндегі қазақ қызының бейнесі сынды өзекті тақырыптар аясында әңгіме өрбітті. «Хикмет» студиясына сұхбат беріп, көрермендерге тілегін жолдады.

Имандылық, дін мәселелерін қазақтың тобықтай түйінді мақал-мәтелдерімен сабақтастыра отырып жеткізуі жиналғандарға салмақты ой салды. Қатысушылардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, қыз-келіншектердің, асыл әжелердің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық дәстүрлеріміздің насихаттаушысы, жазушы Зейнеп Ахметоваға мешіт тарапынан сый-сыяпат ұсынылды. Рухани, ұлттық болмысқа сусап тұрған жиналған қауым кездесуден ерекше әсерге бөленіп, естелік суретке түсіп, қолтаңба алып, арқа-жарқа болып тарқасты.

muslim.kz


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру