Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйел тәрбиелі болмай – ұлт тәрбиелі болмайды

07.03.2015 3399 0 пікір

Атырау қаласы «Иманғали» орталық мешітінде аналар мен қыз-келіншектерге арналған «Әйел тәрбиелі болмай – ұлт тәрбиелі болмайды» атты тақырыпта рухани шара өткізілді.

Жиынға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, теолог Айбек Аташев, ақ жаулықты аналар, ұстаздар, медресе шәкірттері мен мешіттің әйелдер жамағаты қатысты.

Облыстың бас имамы Б.Берденұлы: «Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған.

Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұштастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін исламдағыдай биіктете алған емес», - дей келе, қыз бала тәрбиесінде дін мен дәстүрді ұштастыра білуге шақырды.

Кездесу барысында «Асыл арна» телеарнасы дайындаған «Қыз тәрбиесі» видеоролигі көрсетілді. Сонымен қатар, медресе шәкірті Жүзбаева Гүлбала «Исламдағы әйелдің орны» деген тақырыпта баяндама оқып, көрермен ризашылығына бөленді.

Шара соңында ақ жаулықты аналар қыз баланың тәрбиелі болуы қоғам үшін маңызды екенін айтып, аталған шараларды алдағы уақытта өз жалғасын табады деген сенімін жеткізді. Сондай-ақ, аналар тарапынан өкіл имамға қазақ дәстүріндегі рәсімдерге қатысты сауалдар жолданып, оған тұщымды жауаптар берілді.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру