Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Нұр-Мүбарак» университетінің болашақ түлектері меморандумға қол қойды (ФОТО)

07.03.2015 3342 0 пікір

Биыл «Нұр-Мүбарак» университетін  исламтану мамандығы бойынша 130 студент аяқтамақ.  Оның 73 студенті  мемлекеттік грант иегерлері. Жалпы исламтану бойынша ең алғаш  2011 жылы 100 грант бөлінген болатын. Оны иеленушілердің 20 шақтысы медреседен кейінгі 3 жылдық  қысқартылған бағдарламамен бакалавр дәрежесін былтыр иемденген. Алғашқы  грант иегерлерінің негізгі тобы университетті биыл аяқтайды. Енді болашақ исламтанушы - түлектерді  жұмысқа орналастыру бағдарламасы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола, Алматы облыстарындағы өкіл имамдары келіп, студенттермен жүздесу өткізіп, екі жақты меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында облыстық өкіл имамдар өңірлердегі имамдық қызметтің маңыздылығын, әсіресе жоғары білімді исламтанушылардың ауадай қажет ететіндігін жіті түсіндіріп қана қоймай, діни қызметкердің жан-жақтылығын тарқатып айтты. Тіпті кей ауылдарда мәдени ошақтардың жоқтығынан, мешіт үйі жақсылық шараларға ұйытқы болып  тек діни ғана емес, рухани құндылықтарды дәріптейтін құтты шаңыраққа айналдырып отырған имамдар бар екендігін мысалға келтірді.

- Имамдық – Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) атқарған қызметі,  михраб ең алғаш  Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у) орны болған жер. Сондықтан, ол жерде қызмет еткен адам ешқашан жаман болмайды. Имамдық қызмет – мақтаныш. Ал төленетін аз еңбекақымен отбасын қалай асыраймын  деп уайымдау орынсыз. Өйткені, береке Алладан екенін білесіздер,-деп  ҚМДБ-ның  Алматы облысы Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан Ахмадиев ел ішіндегі ахуалды, имамдық қызметтің  маңыздылығын ашып айтты.

Қазір елімізді жоғары білімді айтпағанда медреселік сауаты бар имамдардың өзі тапшы, жалпы дін қызметкерлерінің 26 пайызын құрайды екен. Сондықтан, ауылдық мешіттерде бес уақыт намазы түгел қариялардың қызмет етуі  түсінікті жағдай.  Ал «Нұр- Мүбарак»  университетінің түлектері әкімшілік жүйесіндегі діни бақылау саласына да жоғары сұранысқа ие. Дәл қазіргі уақытта биылғы бітірушілер диплом жазу жұмыстарымен айналысуда. Енді санаулы айлардан кейін бакалавр дәрежесіндегі  дипломнан 130 үміткер болса, оның 27-сі қыз-келіншектер. ҚМДБ-ның  өкіл имамдарының айтуынша, мешіттерімізде  нәзік жандарға  дәріс беретін жоғары білімді әйел  ұстаздардың өзі ауадай қажет.  Осындай жауапкершілікті сезініп меморандумға қол қойған  «Нұр-Мүбарак» университетінің болашақ  түлектері  ауыл-аймақтарға барып еңбек етуге бел буып отыр.

 Айша Кеңесбай,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру