Қазақ халқының рухани әлеміндегі көрнекті ұстаздардың бірегейі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Өткен ғасырлардағы халқымыздың тыныс-тіршілігі, өмір салтын, табиғи қалпын, сенім-нанымын, қазақтың жанын білгіңіз келсе, онда жазба әдебиетінде ойып орын алар Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларына үңілеміз. Әсіресе, қазақ санасындағы ислам дінінің көрінісін білу үшін Шәкәрімді қолға алсақ, жаңылмаймыз. Міне осы қағидамен «Нұр-Мүбарак» университетінің студенттері арасында Шәкәрімтану айлығы өз мәресіне жетті. Осыдан бір ай бұрын ойшыл ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты бәйге жарияланған болатын. Енді оның қорытындысы ақпанның алғашқы күндеріне дөп келген әдеби кеште жарияланбақ. Университет кітапханасының меңгерушісі Қалбибі Бейісбек: «Біз бұдан бұрын Абайтану айлығын өткізген болатынбыз. Балалар жан-жақты дайындалып, өзара білім сайысына түсіп, алғырлықтарын көрсетті. Ал енді Шәкәрімтану айлығына да студенттердің белсенділігі бізді қуантуда. Әсіресе шығармашылық жұмыстарға қарап, жастардың ой-танымы, білімге құштарлығына тәнті болып отырмыз. Мұндай шараларды біз ұдайы ұйымдастырып отыруға тырысамыз»,-деді.
Университеттің тәрбие ісі бөлімі мен кітапхана ұжымының бірлескен жобасының қорытынды кешінде студенттер арнайы бейнеролик әзірлеп, өлең оқып, күй шертіп, тәрбиелік мәні бар қойылымдар мен Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығынан сұрақ-жауап сайыстарын ұйымдастырды. Осы шараға оқу орнымызға көрші Қазақ инженерлік-технология институтының кітапхана меңгерушісі Жамилә Камалқызы Бекметева арнайы келген болатын. Ол өзінің көңілін ерекше толқытқан әсерімен бөлісті:
- Студенттердің бүгінгі шығармашылық шараларын көріп, риза болып, өте жоғары деңгейде өтті деп баға бергім келеді. Бұл жастардың рухани жандүниесін көркемдеп, байытуда маңызды шара болды деп айтар едім. Мен өзім 35 жыл кітапханашы болсам да, бүгін Шәкәрім қажы туралы тың деректермен танысып жатырмын. Менің бабам Халиола сол Қарқаралы өңірінде Құнанбай қажылармен қатар жүрген. Бабамның Абай, Шәкәрімдермен сұхбаттас болғанына да күмәнім жоқ. Мен бүгін сол дәуірге бір саяхат жасағандай болдым.
Сонымен бір айға созылған шығармашылық бәйгеге болашақ исламтанушы, дінтанушы, тіл мамандары арасынан 20-дан астам еңбек түссе, соның арасынан бесеуі таңдалып, үш орын және ынталандыру сыйлықтары берілді:
1-орын: Құмаров Айболат
2-орын: Өрісбаев Дәурен
3-орын: Бәйдәулетов Жәнібек
Ия, Шәкәрім қазаққа ислам фиқһын ашып түсіндіре білген адам. Өз заманының кемеңгер ойшылы, қасиетті Мекке, Мәдинаға қажылық сапарын өтеп қана қоймай, ілім жолында Мысырдағы Александрия, аса бай Стамбул кітапханасында болып, қазақ руханияты үшін ат арытып, көз майын сарқып кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған ұлы тұлға. Дана Абай бір жүйеге бағынған заманда өмір сүрсе, Шәкәрімнің тағдыры патша өкіметі мен большевиктердің, қазақтың қамын күйттеген алашордашылдардың айқасы, одан кейінгі зобалаң жылдар, яғни ертеңі көмескі өтпелі кезеңге дөп келсе де қазақтың келешегіне ерекше сенген:
«Кейінгілер сөзімді оқыр. Бірі ұнатар, бірі сынап күлер. Сонда да менің зарланумен өткенімді түсінер. Дүниенің рахатына сенім жоқ екенін түсінгелі басымды тауға да, тасқа да ұрып, ғаделет іздеп алқынғанымды білер. Қайран қу дүние, барлық арманыма жеткізбесіңді білгем. Әттең! Тағы да әттең! Абай ағам секілденіп «қолымды кеш сермеппін». Ырду-дырдумен, ел ішінің ұсақ-түйегімен, ата жолы деп билікке араласып, алтын уақытымды босқа өткеріппін. Енді амал нешік. Менен кейінгілер қаулап өсіп келе жатқаны ғана көңілге медет. Мен жетпегенге солар жетеді деп үміттенемін. Уақытымның тарлығынан кейінгі жылдары ойыма келгеннің бәрін, нақ сол сәттегі көңіл-күймен қағаз бетіне түсіре бердім. Оным ала да, құла да шыққан болар. Менің бүгінгі жеткенім осы болды. Ақтығыма, қазағыма адалдығыма, оған жарқын күндер тілегеніме сеніңдер халқым»,-деп ойын ақтарған Шәкәрімнің арманы міне бүгін ақиқатқа айналды. Тәуелсіз елде иманымыз бұғаусыз, аяғымыз тұсаусыз. Ал бабаларымызға арман болған аманатты күн болашаққа қалай аяңдамақ, бұл бүгінгі ұрпаққа сын.
Айша Кеңесбай,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.03.2015
3744
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру