Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазір

24 Сәуір 2026

7 Зулқағда 1447 Хижра

  ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР

Алматылық зиялы қауым өкілдері имамдар форумына дөңгелек үстел басында пікір білдірді (ФОТО)

04.03.2015 4080 0 пікір

Алматылық зиялы қауым өкілдері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты нығайту мақсатында «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» деген атаумен өткізген І Республикалық имамдар форумы төңірегінде дөңгелек үстел басында пікір білдірді. ҚМДБ ғимаратының конференция залында өткен дөңгелек үстелге Бас имам Нұрбек Есмағанбет; Қалалық дін істері басқармасының басшысы, Нұржан Бейсенбайұлы; «Генералдар кеңесі» РҚБ Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор,  академик Қайдаров Рүстем Есімханұлы; Елімізге танымал ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты Асылы Осман; Филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Абайтанушы ғалым, Жабал Шойынбет; Көпке танымал жазушы, қаламгер, ақын Құл-Керім Елемес; «Қазақстан заман» газетінің «Имандылық нұры» бөлімінің меңгерушісі Мирас Күмісбайұлы; ҚР мәдениет қайраткері, жазушы Толымбек Әбдірайым; ҚМДБ бөлім меңгерушілері; Алматы қаласы аудандық мешіттердің Бас имамдары қатысты.

Бостандық ауданының Бас имамы Асан Тлеубердиев және Әуезов ауданының Бас имамы Сейтбек Кутышев баяндама оқып, елімізге танымал зиялы қауым өкілдері пікір білдірді.



 

Қалалық дін істері басқармасының басшысы,
Нұржан Бейсенбайұлы;

І Республикалық имамдар форумы нақты бағытқа арналып, маңызды құжаттар қабылдады. Құжатта айтылған мәселелерді имамдар бұрыннан да көтеріп, айтып, насихаттап жүрген мәселелер. Дегенмен, оны қағазға түсіріп, құжат ретінде қабылдау, оны әлеуметке тарату маңызды бастама болды деп санаймын.

Қазіргі таңда ғаламтор парақшалары, әлеуметтік желілер, кітап, брошюралар секілді ақпарат көздері өте көп. Сондықтан жамағатқа бағыт-бағдар беретін осындай нақты құжаттың болуы өте орынды.


 

«Генералдар кеңесі» РҚБ Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор, 
академик Қайдаров Рүстем Есімханұлы;

Бір ойдан шығатын ортақ бір діни құжат осы уақытқа дейін болмаған. Ондағы әсіресе отансүйгіштікке үндейтін тұстары қатты көңілімнен шықты. Себебі Ислам 5 нәрсені қорғауға бұйырады. Олар: Жан, ар-намыс, отан, ақыл және мал-мүлік.

Қасиетті кітабымыз Құранда және ғылым мен руханият жайлы өте көп айтылады. Діни сауаттың жетіспеушілігінен болып жатқан түрлі алауыздықтар мен қақтығыстардың алдын-алу үшін осындай шаралар көптеп қажет.


 

 

Қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты,
ғалым Асылы Осман; 

Елордамыз Астананың төрінде өткізген форумға өзім арнайы қатысып қайттым. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұл маңызды әрі батыл қадамы құтты болсын демекпін. Форумда ақ шағаладай болып отырған имамдардың біркелкі келбетіне разы болдым. Өздеріңізді биікке бір көтердіңіздер, осы биіктіктен аласармаңыздар.Форум бастан аяқ үлгі, өнеге, насихат болды. Өз дініміздің бағытын айқындайтын мұндай құжаттардың болуы бір ғажап. Қазақтың табиғи қасиеттерінің бірі алысты жақындату, аразды татуластыру. Қазақстан әлемге татулығымен үлгі. Ислам да татулыққа үндейді.  Осыны кеңінен насихаттау керек. Тәуелсіз ел болайық, мәңгілік ел болайық. Мәңгілік елдің тілі мен діні де мәңгілік болсын!

 

 

Филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Абайтанушы ғалым,
Жабал Шойынбет;

ҚМДБ форумда көтерген мәселелер үлкен мәселелер. Жас келсе іске дейді, мына Ержан қажы бастаған имамдардың, жастардың ісіне, сөзіне, біліміне көңілің тояды. Мұндағы «көңілің тояды» деген сөзді мен Абайдың сөзімен айтып отырмын..

Дінсіз ел ешқашан болмайды. Осындай ізгі шаралардың болғаны дұрыс. Қазақ әрқашан имамдарын, көсемдерін құрметтеген халық. Сол құрметке әрдайым лайық бола беріңіздер.


 

 

Жазушы, қаламгер, ақын 
Құл-Керім Елемес;

Біздің діни басқарма мен имамдарымызға Алла разы болсын. Сіздердің барша істеріңізге тілеулес болып отырамыз. Мемлекеттен не аламын деп емес, не беремін деп жүрген азаматтарға қарап еріксіз разы боласың. Мемлекеттік тілде іс жүргізіп келе жатқан бірден-бір мекеме осы ҚМДБ. Дәстүрді ұстанып та, насихаттап та келе жатқан осы мекеме. Үшінші төрағасы Ержан қажының кезеңінде осындай игі шаралармен діни басқарма жаңа деңгейге көтерілді.

Бұл үлкен жеңіс, бірінші Алла, екінші елбасы, үшінші дінбасы мен имамдардың талпынысының жемісі.

 

 

 

ҚР мәдениет қайраткері, жазушы Толымбек Әбдірайым;

Бүгінгі мына дөңгелек үстелге қатысып отырғаныма үлкен қуанышқа бөленіп, өзімді бақытты сезініп отырмын. Тіпті көзіме қуаныштан, бақыттан жас келіп отыр. Кеш те болса қабылданған бұл құжаттар көпшілікті қуантты. Мұсылман жамағаты қазір қалаларда көп. Білімді, ояу азаматтар көп. Бірақ ауылдарымыз рухани тұрғыда әлі ұйықтап жатқан секілді. Сондай шалғайларға дейін жету керек, халықты ағарту керек. Бұл тұғырнаманы іске асыратын имамдар. Сондықтан енді осы құжаттарды насихаттау имамдарға үлкен міндет болып тұр. Ислам кең етек жайып, Еуропаның өзі исламға бет бұрып жатқан шақта осы тұғырнамалар іске асып жатса еліміздің де болашағы өте жақсы болады деп ойлаймын.   

 

Алматы қаласы, Бостандық ауданының Бас имамы Асан Тлеубердиев; 

«Азаны бар ауыл азбайды» дейді дана халқымыз. Ислам қашан да халқымыздың рухани тірегі, өмір сүрудің үздік өнегесі болған, болып та келеді. «Иманым – менің жиғаным» деген мақалға бергісіз сөздің астарында мол мағына жатыр.

Астанада өткен имамдар форумы – тәуелсіз еліміздегі тарихи кездесу деп айтар едім. Имамдардың тұңғыш форумы – еңселі елдігіміздің, Елбасы бастаған, халқымыз қостаған, ақиқатқа айналған азаттығымыздың жарқын көрінісі. Діни басқарма Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы болса, біз, имамдар сол шаңырақтың уығы іспеттіміз.

Бүгін бірауыздан қолдауға ие болған Діни басқарманың Тұжырымдамасы мен Тұғырнамасында біз күткен, толғауы жеткен мәселелер қамтылғаны діндар қауымын қуанышқа бөлеп отыр. Мешіттерде айтылатын уағыздардың сапасы, дін мәселелерімен қатар рухани тазалық, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық, қайырымдылық жұмыстарды жүргізу – әрқашан да дін қызметкерінің абыройлы міндеті бола бермек.

Алла Тағала дінімізді көркейтіп, халқымызға амандық, егемен елімізге тыныштық және ісімізге береке берсін деп тілеймін. Әумин!  

Алматы қаласы, Әуезов ауданының Бас имамы Сейтбек Кутышев; 

ҚМДБ форумында еліміздің  бүкіл мұсылмандарына қатысты, еліміздің ауызбіршілігін, жарқын болашағын көздеген көптеген өзекті мәселелер қозғалып, маңызды пайдалы шешімдер қабылданды.

Форумда өзекті болған тақырыптырадың бірі «Ислам және ұлт». Ислам мұсылманды өз ұлтын жақсы көруге, оның заңдары мен қағидаларын орындауға, ұлтжанды болуға шақырады. Алайда кейбіреулер бұл ұғымды басқаша түсініп, яғни ұлтшылдық терминімен  шатастырса, басқалар тіпті өз ұлтын басқадан жоғары қойып, шовинизмге үндейді. Ал бұл шариғатымызға қайшы,  өйткені пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Әй, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың –біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан діндарлығы (тақуалығы) болмаса ешбір артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында  мәртебелелілерің- діндар болғандарың»,- деп қатаң ескерткен.

Форум бекіткен құжаттардағы қысқа да нұсқа, алайда астарында үлкен мағына мен ілім жатқан мәсеселерді іс жүзінде орындау баршамызға міндет. Еліміздің дамып, болашағымыздың жарқын болуы үшін, жастарымызға дүнияуи іліммен қатар, шөл далада қалған кісіге су қандай керек болғаны секілді діни ілімді де үйрену аса маңызды. Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін бесігімізді қазірден бастап түзейік ағайын! 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру