ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінің «Тәрбие мен білім – егіз» жобасы екінші жыл қатарынан қала мектептерінде жалғасын тауып, дін қызметкерлері мен білім мекемелерінің әріптестік байланысы арта түсуде. Кездесулерде имамдар жастарға білім мен тәрбиенің мән-маңызы, ата-ананы сыйлау секілді ислами һәм қазақы тәрбиемізге сай бағдар көрсетіп, мазмұнды тақырыптарда дәрістер өтеді. Дегенмен, дін қызметкерлерінің қарекеті тек дәрістермен шектелмей, мектеп қабырғаларында қайырымдылық шараларын да өткізуді қаперде ұстауда.
Осы мақсатта бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Асхат Сәлімов қаламыздағы №24 мектепте «Тәрбие мен білім – егіз» жобасы аясында игі шараны өткізді. Қайырымдылық – ислам дінінің айнасы іспеттес екенін қаперге алған Елорда имамдары ізгі шараларды өткізуді дәстүрге айналдырған. Қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, қыстық отын-көмір, дәрі-дәрмек пен қаржылай көмек жасауда мешіт қызметкерлері қалыс қалған емес. Бүгінгі мектептегі шара да осы ізгіліктің жалғасы іспеттес. Наиб имам Асхат Сәлімов №24 орта мектебінде оқитын әлеуметтік тұрмыс-ахуалы төмен отбасы балаларына қыстық киім, аяқ киім, костюм-шалбар және сырт киімдерін сыйға тартты. Дін қызметкері 22 оқушыға қажетті киім-кешектерді таратып, оларды оқуда озат, білімге құштар болуға шақырды.
«Сіздер ата-аналарыңыздың үкілеген үміті, еліміздің ертеңісіздер. Басты міндеттеріңіз – білім алу. Сол себепті ешнәрсеге алаңдамай, сабақ оқып, ілім үйренуден шаршамаңыздар» деді А.Сәлімов. Өз кезегінде мектеп директоры Ғабит Насырұлы «Нұр Астана» орталық мешітінің осындай игі істерге әркез ұйытқы болып, үлкен сауапты істерге себепші болып отырғанына риясыз қуанышта екенін айтты. «Бүгінде «Нұр Астана» мешіті білім мекемелерімен, біздің қара шаңырағымызбен жақсы қарым-қатынас орнатып, қолқанат болуда. Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына, барша дін қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Сіздердің осылай назар аударып, көңіл бөліп отырғандарыңыз бүлдіршіндерді ғана емес, баршамызды қуантады» деп директор жүрекжарды тілегін айтты.
Ал, «Тәрбие мен білім – егіз» жобасы алдағы уақытта да ізгі шараларын легін мұнан әрі тарқатпақ.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.02.2015
3281
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру