Биылғы дін және дәстүр жылы Көкшетаудың іргесіндегі Красный яр кентіндегі мешіттің ұйымдастыруымен көп іс –шаралар өтті. Әсіресе, қазақтың ұлттық спорт өнеріне байланысты жарыстар өзінің тағылымымен есте қалды.
Осындай игі шара – жамбы атушылар сайысы болды. Қазақтың көне де, жауынгерлік осы бір өнері ұмыт болып бара жатқанын несіне жасырамыз. Адамды ержүректікке баулитын мергендік өнерді паш еткен бұл жарыстың ұйымдастырылуына Красный яр мешіті мен ұлттық спорт мектебі бастама көтерді.
Жарыс жастар және ересектер арасында өтті. Алдымен ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушы тәлімгерлері жылқының жалына жабысып, аттың үстінде садақ ату көрінісін паш етті. Одан әрі жарыс та бастау алды. «Жүзден жүйрік озған» бұл сайыста ересектер арасында көкшетаулық Серік Нүрпейісов (31ұпай) бас жүлдені иеленді. Ал, қалған екі орын сәйкесінше 25 және 18 ұпай жинаған Ербол Токаев пен Есберген Сыздықовтарға бұйырды.
Жастар да мергендік өнердегі шеберліктерімен көзге түсті. Бұл жолы – Рахман Дәулетхан, Нұрсұлтан Орал және Санжар Балтабаев жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Міне, жамбы ату өнері Көкше өңірінде де жаңа қырынан жаңғыра түсті. Бұған жергілікті мешіттің имамы Науан Мүтәлұлы мен спорт мектебінің директоры Марат Қойшиннің мұрындық болғаны қуантады. Себебі, дін мен дәстүр жылы биыл да жалғаспақшы. Ендеше, мұндай ұлттық өнер түрлерінің дамуына айқара жол ашылады деп сенеміз.
Бақыт СМАҒҰЛ

ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.02.2015
3176
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру