Ұлы Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күні, яғни Мәуліт мерекесін жылда қостанайлық ағайындар жоғары деңгейде атап өтті. Биыл да мұндағы мұсылмандар қауымы оны асыға күткен болатын. Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы бұл мейрамға үлкен дайындықпен келді.
Одан кейін сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы, дін қайраткері Асылхан қажы Түсіпбектің ой-толғамдары мен ізгі тілектері де көпшіліктің жадында ұзақ сақталатындығы даусыз.
Мұндай үлкен мерекелер ән-күйсіз, терме және театрландырылған көріністерсіз өтпейтіндігі белгілі. Сондықтан көпшілік Әсел Жұмақұлованың орындауындағы «Иман келтіру» әнін ерекше ұйып тыңдады.
Содан кейін дін тақырыбына қалам тартып жүрген көрнекті ақын, «Мінәжат» кітабының авторы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет өзіне тән шеберлікпен сөз сөйледі.
Барша азаматтар үстіміздегі жылы 15 жылдық мерейтойларын атап өткелі отырған Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің өнеріне қашан да тәнті. Осынау Мәуліт мерекесінде өнер ордасының актерлері «Ауыл мешіт имамы» деп аталатын туындыны көпшілікке ұсынды.
Айтыс десе елеңдемейтін әрі делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Осы мәртебелі мейрамға арнайы шақырылған аса дарынды айтыс ақындары Айбек Қалиев пен Айнұр Тұрсынбаеваның суырып салма өнері де көпшілікті дән риза етті.
Кештің соңында ұлы Пайғамбарымыздың «Қоштасу хұтпасы» да оқылды. Мешіттің жұмысының жанданып және Мәуліт мерекесінің жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша тиісті деңгейде өтуіне өздерінің қомақты үлестерін қосып жүрген ардақты ақсақалдар мен зиялы азаматтарға көпшіліктің алдында сый-құрмет көрсетілді.
Облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек сахнаға көтеріліп, осы күнгі мейрамның мән-мазмұнының арта түсуіне септігін тигізген бірқатар жерлестеріміздің аты-жөндерін мақтанышпен атай келіп, нағыз дін жанашыры Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің доценті, ұстаз Хайша Мылтықбайқызының 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Сондай-ақ күллі қазақ еліне есімі кеңінен танымал ақын, көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Ақылбек Шаяхметке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақтау грамотасы салтанатты түрде тапсырылды.
Сонымен қатар, есімдері күллі қазақ еліне белгілі абыз ақсақалдарымыз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Жолбарыс қажы Баязид пен ел құрметіне бөленген Мырзағали қажы Ғабдуллинге де грамоталар табыс етілді.
Бұл орайда облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек пен басқа да жанашыр да іскер азаматтардың қосқан үлесі мол, - дейді Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.02.2015
3862
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру