Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен қолға алынған «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты I республикалық имамдар форумы өтеді.
Алты алаштың басын қосқан игі шараға ат арылтып алыс-жақын елдерден дін, қоғам және мәдениет қайраткерлері келуде. Делегаттардың алғашқы легімен Сібір Мұсылмандары діни басқармасы және аймақтық орталығының мүфтиі Зұлқарнай Шакирзянов, Татарстан Республикасы мүфтиі орынбасары Рүстем Хайруллин, Қырғыз Республикасы бас мүфтиінің орынбасары Замир Ракиев, Алтай Республикасы мүфтиі орынбасары Жанболат Оқтаубаев, Моңғолия мұсылмандар ұйымы одағының атқарушы әкімі Батырбек Хадысұлы және Сібір аймағы мұсылмандары және Азия бөлігі діни басқармасы мүфтиінің орынбасары Бота Бакулин сынды құрметті қонақтар бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде болды. Қадірлі меймандарды ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы күтіп алып, қонақтарға құрмет көрсетті.
Наурызбай қажы ең алдымен мүфтилерге елімізде, Елордамыздағы дін саласында еңсерілген елеулі істер жайын баян етіп, қазақ халқының бүгінгі жетіп отырған жетістіктері сән-салтанаты жарасқан жасампаз елдің тастай тату тірлік кешкенінің нәтижесі екендігін жеткізді.
«Халқымыз ежелден бейбітшілікті ту еткен Ислам дінімен өмір сүріп, күн кешті. Қазақ елінің салт-санасы, дәстүрі, әдеби-мәдени құндылықтары Ислам дінімен біте қайнады. Біздің басты байлығымыз – бірлігіміз» деген өкіл имам қонақтарға қазақы қонақжайлылық көрсетіп, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, мешіт тарихымен де таныстырып, ішкі безендірілуі, төрдегі қисуасы туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде бауырлас ел мүфтилері қазақ халқының мамыражай тұрмыс-тіршілігіне, қонақжай мінезіне көңілдері толатындықтарын айтып, игі тілек тиегін ағытты. Қонақтар елордалық мұсылман жұртшылығымен екінті намазын оқып, "Астана" медресесі шәкірттерімен де жүздесті. Ертеңінен баянды бақытты болашақ күтетін Қазақ еліне Алладан амандық-есендік тілеп, дұға етті.
Бұл күні ҚМДБ-ның өткізгелі отырған игі шараға ортақтасып, ізгі тілекпен жеткен меймандарға Астананың айшықты жерлері таныстырылып, ел тарихынан айтулы уақиғалар баян етілді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.02.2015
3444
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру