Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имамдар форумы ақсақалдар алқасында талқыланды (ФОТО)

16.02.2015 3351 0 пікір

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Елордадағы өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінде айтулы күн.

Өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ тарапынан жарияланған «Дін мен дәстүр» жылы аясында Астана аумағында өткізілетін діни шаралардың ұлттық нақышта өріс алып, бұқаралық сипатта көрініс табуын көздеп, бірқатар ізгі істерге ұйытқы болған еді. Бұл сөзімізге мұсылмандардың ұлық мерекелері – Ораза және Құрбан айт мейрамында Алла үйлерімен іргелес ақшаңқан қазақ үйлері тігіліп, ақ дастархан жайылғаны, ұлттық ойындар өткізіліп, мереке – көпке қуаныш сыйлағаны дәлел.

Осындай игі істі  бүгін «Нұр Астана» мешіті жанынан құрылған Ақсақалдар алқасы жалғады. Төсінде тұлпарының ізі, даналарының үні қалған қазақ тарихында ауыл-аймақта елдік мәселелерге үн қосып, шешімін шығарушы, тобықтай түйінін айтып, бағыт-бағдар беруші ақсақалдары, қазыналы қарттары болғаны мәлім. Бүгінгі алқа осы баба дәстүрінің заңды жалғасы іспеттес.

Ақсақалдар алқасы «Нұр Астана» мешітінің алға қойған мақсаттарын айқындап, мешіттің мәртебесін көтеру, пәтуалы пікір айтып, ізгілікке үн қосуды көздейді.

Алқаның алғашқы жиынында бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы мешіттің былтыр атқарған шараларына тоқталып өтті. Мұнан соң алдағы жылы еңсеруге тиісті жоспар жайын да баяндады.

Тоғыз ақсақалдан құралған алқа жиынында мешіттің ішкі-сыртқы тәртібі де талқыланды. Құлшылық үйі бұқараның бас қосар үлкен шаңырағы болғандықтан, мұндағы мәселелерге барынша жауапкершілікпен қарап, дін мерейін үстем ету керектігі де айтылды.

Жиында алдағы аптада елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған Республикалық имамдар форумы да жан-жақты қаралды.

Бүгінде қай салада болмасын өз ісінің хас шебері, нағыз маманы болу – заман талабы. Атадан мұра болған асыл дінді бұқараға жеткізуде имамдардың білім-біліктілігі, ақыл-парасаты мен имам интеллектісі, деңгей-дәргейі маңызды рөл атқарады. Осы жайларды ескерген Діни басқарма Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» республикалық имамдар форумын өткізуді жоспарға алды. Мұндағы мақсат – ел дамуында өзіндік орны бар дін саласында арнайы Тұжырымдама бекіту, Имамның тұлғалық бейнесі және дін қызметкерінің қызметтік этикасы мәселелерін көтеру. Сондай-ақ, шынайы мұсылманның тұлғалық келбеті де Форумда айтылар тақырып.

Ақсақалдар алқасы ҚМДБ форумында қозғалар тақырыптарға өз ой-пікірлерін айтып, игі істердің ұйытқысы болған дін қызметкерлеріне әрдайым қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

Бас имам өз кезегінде елдік мәселелерге, асыл дін мен ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамай, мешіт төрінде жиылып, кеңес өткізген қарияларға алғыс айтты.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру