Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетінде «Діннің тәрбиелік мәні» тақырыбында жиын өтті. «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб имам Нұрлан Рамазанның қатысуымен өткен кездесуде хақ дін Исламның мән-маңызы, білім мен тәрбие төңірегінде әңгіме өрбіді.
Дін қай заман, қай дәуірде болмасын, үдеріссіз адамзат өмірінен бөлінбей келген. Кей кезеңдерде мемлекеттен бөлек делінгенмен, кез келген мемлекеттің пайда болу, қалыптасу сатыларында, даму үдерісінде сол мемлекетте өмір сүріп отырған ұлттарды ұйыстыруда діннің атқарған үлкен рөлі айрықша. Себебі, діннің айтары – тыныш та бейбіт өмір, жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтару. Бұл әсіресе Ислам дінімен егіз ұғым. Түп мәні тікелей бейбітшілік мағынасын беретін асыл дініміз де адамзаттың игілігі, жарқын өмірі үшін түсірілген Алла тағаланың асыл әмірлері. Сөзімізді бір ғана дәлелмен айтар болсақ, күллі әлім мұсылмандарының ардақтысы, сүйіктісі, Алланың соңғы елшісі һәм пайғамбары Мұхаммед Әминді (с.ғ.с.) Жаратқан иеміз жер бетіне рақым-нұр ретінде жіберген. Бұл жайында әз пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі: «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім» дейді. Алланың сөзі мен Оның (с.ғ.с.) сүннетін ғасырлар бойы өмірлік өлшеміне айналдырып, салт-санасына сіңірген әрбір қазақ өзгеге үлгі бола білуге, қоғамға пайдалы болуға қарекет қылуға талпынуы тиіс. Бұл әрбір мұсылманның мұсылмандық міндеті.
Ал, мемлекеттің тұтастығында маңызды рөл атқаратын дін кей уақыттарда, дұрысы, дін атын жамылған ағымдар бейбітшілікке, тыныштыққа сызат түсіретіні де жасырын емес. Өзге де діндерді дүрліктірген бұл құбылыс Ислам дінін де айналып өтпеді. Соның салқыны елімізде де байқалып жататыны осыдан. Алайда, хақ дін Исламның риясыз бейнесі, мұсылманның шынайы келбеті бұл ағымдар айтып жүрген «пәтуалармен» еш үйлеспейтіні анық. Мұсылман ісімен де, сөзімен де ешбір жанға, тіптен, жәндікке де зиян етпейді.
Адам баласына тән көркем мінез, тәрбие мен мәдениет төңірегінде бас имам айтқан кестелі уағыз студенттерге салмақты ой қалдырды. Осы дінге мойынсұнып, құлшылық қылуға кей жағдайда ата-аналарының қарсы болуы студенттердің дін қызметкерлерінен сұраған көп сауалдың бірі болды.
«Қасиетті Құран кәрімде Алла тағала пайғамбарымызға: «Кешірімділік жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан сырт бер» дейді. Ал, пайғамбарымыз «Саған жамандық қылғанға да жақсылық қыл, қиянат жасағанды кешір. Осы көркем мінез»дейді. Ал, дінін дәстүріне айналдырған дана халқымыз пайғамбар өсиетін «Таспен ұрғанды аспен ұр» деп мәтелдейді. Мінездің дұрыстығына асыл дінімізде қатты көңіл бөлінген. Онсыз жер бетіне жақсылықтың жайылуы мүмкін емес. Бір кісі пайғамбарымыздан «Дін дегеніміз не?» деп сұрағанда, Алла елшісі: «Ол – көркем мінез» деп жауап қатады. Дін атын жамылған топтардың әрекеттері бүгінде ел ішінде ғана емес, әлемде теріс пікір қалыптастырып жатқаны өкінішті. Ата-ана дінге қарсы болмайды, ата-ана дінді жамылған дүбәра тірлікке қарсы болады. Осы ғана. Ал, шынайы діннің келбеті мұсылман баласының көркем мінезімен көрініс табады. Өмір – сынақ. Кей жағдайда көңіліміз толмаған, ерсі көрінген құбылыстарды оның дұрыс-бұрыстығына сенімді болсаң да жеткізудің, түсіндірудің өз жолы және уақыты болады. Менікі дұрыс деп дүрсе қоя беру – мұсылманға тән мінез емес екенін есте ұстайық. Ата-ана еш уақытта жаманшылыққа шақырмасы белгілі. Әз пайғамбарымыз айтады: «Сірке балды қалай бұзса, нашар мінез-құлық та сол секілді ізгі амалдарды бұзады». Ал мұсылманның басты қаруы – білім мен көркем мінез болуы тиіс» деген Наурызбай қажы әңгімесін білім-ғылым турасында жалғады.
Мұсылман өркениеті ғылыммен ұштасып, тарихта алтын әріппен жазылды. Білім алу, ғылым іздену – Ислам дінінің басты талабы. Себебі, Алла тағала әрбір мұсылман баласын білімді болуға шақырады. Құран кәрімнің 600-ден аса жерінде білім жайлы баяндалады. Ал ардақты пайғамбарымыз «Ілім алу әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз» екендігін жеткізді. Сондықтан, мұсылманның жан-жақты болуы, біліммен өмірін сабақтауы керек-ақ.
«Мұсылман баласы діни білімін дүниеуи біліммен ұштастыруы керек. Тарихтан оқыдыңыздар, барша ғылым саласында мұсылман ғалымдарының аты аталады. Іргетасын қалап, әлемге ғылымды паш еткен біздің текті бабаларымыз. Бір ғана Орта Азия төңірегін алар болсақ, әл-Фараби бабамыз математика, астрономия, философия, музыка сынды бірнеше ғылым саласын, 70-тен аса тіл меңгерген. Ибн Сина қазіргі медицина ғылымының негізін қалады. Алгебра – әл-Жабр есімді мұсылман ғалымының құрметіне тарихтан өз орнын алды. Берірек айтар болсақ, Шалкиіз, Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау, Абай, Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин аталарымыз. Кешегі өткен Алаштың арда азаматтары Ахмет, Әлихан, Міржақыптар бірнеше саланы тең ұстаған қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалары еді. Осындай текті ұрпақтың заңды жалғасы – бүгінгі буын білімнен, ғылымнан қалыс қалуы елдігімізге, ұлт намысына сын. Әрдайым ізденісте болыңыздар» деп сөзін түйді бас имам.
Кездесу барысында наиб имам Нұрлан Рамазан сенімді желеу еткен ағымдардың ақ-қарасын ажыратып, түр-сипатына тоқталды. «Ағым – аты айтып тұрғанындай ағып кететін құбылыс. Сан ғасырлар асыл діннің үкімі салт-дәстүрімізге сіңіп, өмірлік ұстанымызға айналғандықтан бұл нәрселерге елітудің, бой ұрудың еш қажеті де, негізі де жоқ. Терістің теріс екенін дәлелдеудің де еш қиындығы жоқ. Бүтін бір халықтың дәуірлермен жалғасқан ұстанымына қарсы шыққан топтардың шынайы мұсылманның үмметі емес екені ақиқат. Осы ақиқаттан аттағандар – ағым, себебі, Ислам – бірлікке бастаушы, ізгілікке үндеуші, жақсылықта жарысуға бұйырушы дін. Ал, мұсылман – өз дінінің айнасы. Ізгілердің қатарынан болуға талпынайық» деген Н.Рамазанның сөзінен жастар көкіректеріне көп ой түйді.
Иә, Ислам адамзатты екідүниелік бақытқа жетелеуші дін. Барша ғылым қасиетті Құран Кәрімнен бастау алады. Ғылыммен егіз діннің түп мәні туралы ойымызды теңіз әлемін зерттеуші Жак Ив-Кусто атты ғалымның екі теңіздің қосылмайтындығы туралы ғылыми жаңалығын ашқан сәтте ғалымның алдынан шыққан: «Ағызған екі теңіз қосылады. Екі арасында бөгет бар. Бір-біріне араласпайды. Ендеше, Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер?» («Раһман» сүресі, 19-21) деген Әлемдердің Раббысы Алла тағаланың аятымен аяқтауды жөн көрдік.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.02.2015
6951
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру