«Нұр Астана» орталық мешіті мен қала әкімдігі, білім басқармаларының әріптестігінің негізінде жүйелі жолға түскен «Тәрбие мен білім – егіз» жобасы Астана қаласындағы №22 мектеп-гимназиясында жалғасты.
Наиб имам Абдусамад Махаттың қатысуымен өткен жиында білім мен тәрбие турасында тұщымды әңгімелер айтылды. А.Махат оқушылардың ең алдымен толық саналы азамат болып қалыптасу үшін білім баспалдақтарынан лайықты өтуі керектігін айтты. «Болашақ – білімді жастардың қолында. Қандай да бір жетістіктер мен игіліктер болмасын, барлығы да біліммен, дұрыс таным-түсінікпен келетін құбылыс. Өзіңнің, еліңнің өсіп-өркендеуі бүгінгі күнде осы мектепте алған білімдеріңізге байланысты болады» деді ол. "Білімнің басы бейнет болғанымен, нәтижесі, соңы зейнет. Халқымызда "оқу инемен құдық қазғандай" деген мағыналы сөз бар. Жас уақытта талмай-тынбай еңбектену, білім алу - сіздердің бірінші кезекте атқарар шаруаларыңыз. Әр уақыттың өз талабы болады. "Түстік өмірің болса - кештік білім жи" деп кешегі өткен бабаларымыз өсиет етті. Әр күнімізді сәтті пайдаланып, өз-өзімізге есеп беруді дағдыға айналдыра білсек – ұтарымыз көп болмақ" деп, наиб имам білім жайында салмақты ой тастады.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, дін маманының көкейге қонымды жауаптары кездесу көркін аша түсті. Ал, ұстаздар қауымы осындай тәлім-тәрбиелік мәні бар кездесулердің білім шаңырақтарында жиі өткізіліп тұрғанын қолдайтындықтарын айтып, дін қызметкеріне алғыс білдірді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.02.2015
2900
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру