Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бурабайдың баурайындағы мәуліт мерекесі (ФОТО)

12.02.2015 3523 0 пікір

Жақында Ақмола облысы Бурабай аудандық мешітінің ұйымдастыруымен Мәдениет сарайында  Мәуліт мерекесі ыстық ыждаһатпен аталып өтті. Осы күні жергілікті имамның өтінішімен көшеде жүретін автобустарға мереке рәуішін сипаттайтын баннерлер ілініп, тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетті. Ал, «Ақ желкен» сауда орталығының демеушілігімен мерекеге жиналған ақ жаулықты ана-апаларымызға гүл шоқтары сыйлық ретінде ұсынылды.

 Мәуліт мерекесі қайырымдылықсыз да өтпейді. «Керемет» сауда орталығының қолдауымен «Мирас» мектебінің жетім балаларына қысқы киімдер мен спорт бұйымдар табыс етілді.  Ал, осындай жақсы істерге ұйытқы болған  бұл мерекеге жиналған жамағат та көп болды. Еңселі сарайда ине шаншар орын болмады десе де болады.

Бұл рухани кешке Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешітінің наиб имамы Болатхан Қуанған қатысып, жиналған жамағатты мерекемен құттықтады. Мешіт жамағатының күшімен ұйымдастырылған сахна көріністері, діни әндер мен жас бүлдіршіндердің жырлары көпшіліктің жүрегіне жол тартып жатты. Осындай өнерлі жастарға аудандық әкімдік атынан алғыстар айтылып, бағалы сыйлықтарын табыс етілді.    

Мәулітке арнайы шақырылған елге белгілі  ақындар Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева және Қалқаман Сарин қатысып, жырдан шашу шашты. Ақ жарма жырларымен сөз таластырып, айтыстың да көрігін қыздырды.

Бурабайдың баурайында асыл пайғамбарымызды ұлықтау мерекесі осылай өзінің тағылымымен өтті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деді аудан имамы Тоқсанбай Шәріпов. Лайым солай болғай!

Бақыт СМАҒҰЛ,
Ақмола облысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру