Елордамыздың беделді оқу орны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен студенттермен кездесу өтті. Құқықтану факультетінде өткен жиынға «Астана» медресесі директорының орынбасары Марат Бектазинов та қатысты.
Болашақ білікті мамандармен өткен кездесуде салмақты тақырыптар көтерілді. Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы жастарды ең алдымен ғылым-білімге, Отанға адал қызмет қылуға үндеп, Отан алдындағы қызмет ең алдымен отбасы, ата-анадан бастау алатындығын жеткізді. «Ұядан сіздерді киіндіріп, жетілдіріп, қамқор болып, өсіріп ата-анаға құрмет көрсету сіздердің перзенттік міндеттеріңіз. Ал елге қызмет қылу азаматтық борыштарыңыз болмақ» дей келе Наурызбай қажы мектепте білім нәрін беріп, жоғары оқу орнында ғылымға баулыған ұстаздар қауымының да қадір-қасиетін бағалап, оларға да лайықты құрмет, сыйластық көрсету керек екендігін айтты.
Ал, «Астана» медресесі директорының орынбасары Марат Бектазинов «Білім мен тәрбие қашан да құстың қос қанатындай егіз ұғым саналады. Білімді мақсатты, саналы жолда жұмсап, ел игілігіне қызмет ету үшін адамның болмысы, рухани жан-дүниесінің таза, адал болуы керек-ақ. Ал мінез көркемділігі – иісі мұсылман баласына тән сипат. Көркем мінез, жұмсақ, жылы жүз, сабырлылық әрқашанда адам баласына тек пайда әкеледі» деп, студенттерді салмақты, саналы азамат болуға үндеді.
Мазмұнды кездесуде мұнан басқа қазіргі қоғамдағы түйткілді тақырыптар да қозғалды. Студенттер дін өкілдерінен Ислам дінін көлеңке еткен теріс ағымдар жайында көкейде жүрген ойларын айтып, сұрақтарын қойды. Өз кезегінде бас имам ата діннен алшақ кеткен бұл топтардың хақ діннің сара жолына еш үйлеспейтіндігін, ал діни білімді барша қазақ халқының қара шаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарап үйреніп, мешіт имамдарынан ғана сенім жайлы сенімді ақпарат алып, саналы жастар мақсатсыз-ойсыз жат ағым жетегінде кетпеуі керектігін баса айтты.
«Елдің өсіп-өркендеуі үшін бір мақсатта, болашаққа деген ортақ мүддеде барша азамат бір жұдырықтай жұмылып, халыққа пайдасы тиер игі істерге атсалысуы керек. Әмбеге белгілі, кезінде орта ғасыр тарихында мұсылман өркениетінің өкілдері барлық дерлік ғылымның іргетасын қалап кетті. Мұсылман аты тарих бетінде білім-ғылыммен жазылды. Имани кәміл, білімі терең, ғылым қуған жастар ғана жарқын болашаққа жетелейді. Білім ізденуден жалықпаңыздар» деп бас имам өз ойын қорытты.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.02.2015
3167
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру