Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қоғам және Имам

12.02.2015 3599 0 пікір

«Имам» деген кім, бүгінгі имам  қандай болу керек, оның қоғамдағы орны қандай?-деген сауалдарға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіндегі студенттер жауап іздеуге ұмтылды.

Әуелі қарапайым халық арасында сауалнама жүргізіп, бейнеролик жасаған студенттердің еңбегіне үңілсек, жұртшылықтың пікірі сан алуан. Десе де олардың барлығының жауабы  имамның бүгінгі қоғамда алатын орны ерекше екенін екшеп өткендей.  Мәселен, бір респондент имам  патшадан кейінгі адам десе, екіншісі имамның дәрежесін патшадан жоғары қоямыз дейді. Өйткені, имандылық болмаса, биліктің де елді жетістіктерге жетелеуі  екіталай екенін айтады. Ал осындай сан салалы болашақ дін қызметкері болатын  студенттердің сауалдарына жауап беру үшін университеттегі арнайы кездесуге  Алматыдағы Алатау ауданының   «Бекет ата» мешітінің бас имамы Орынбасар Дәуренбеков шақырылды. Университеттің «Дін және тәрбие» бөлімінің меңгерушісі Рахымжан Әкімбековтің бастамасымен ұйымдастырылған шараға Орынбасар Дәуренбековтың таңдалуы да бекер емес. Өйткені, осыған дейінгі  «Таугүл-3» мешітіндегі жемісті еңбегін бағалаған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы О.Дәуренбековке Алатау ауданындағы 10 мешіттің тіршілігін сеніп тапсырған болатын. Тек дінмен ғана шектелмей, қоғамдағы құбылыстарға белсене араласып, дін қызметкерлерінің жан-жақтылығын паш етіп жүрген Орынбасар Дәуренбековтен студенттердің де үйренері көп екенін кездесу кейіпкері жайлы «Тағылым» атты арнайы бағдарламадан да байқауға болады. Кездесуге аса мұқияттылықпен әзірленген  студенттер де көкейлеріндегі сауалдарды қойып, тұщымды жауап алғандай. Сондай-ақ,  өздері әзірлеген қала тұрғындары арасындағы сауалнаманы көріп, ортақ қорытынды жасауға тырысты.

Расында «имам» деген кім деген сауалға қанша адам болса, сонша пікір аласыз. Кейбірі имамдардың жұмысын аса жоғары бағаласа, енді бірі емеурінмен ғана жауап береді. Бір анығы, ел бірлігі үшін имандылықты ту еткен имамдардың еңбегі қалай болғанда да көпшіліктің қолдауын қажет етеді. Өйткені, имандылық ең әуелі әрбір мұсылманның өзіне қажет болса, имандылық салтанат құрған қоғамның да берекесі басым болары хақ. Сондықтан,  өмірлерін осы жолға арнаған дін қызметкерлерінің еңбегі нағыз құрметке лайық екені даусыз.      

 Айша КЕҢЕСБАЙ,
 «Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру