Өткен жаңалықтарымызда хабарлағанымыздай, ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті мен қала әкімдігі, Білім басқармасы және «Ақжан» мәдени мұраларды қолдау қорының бірлесуімен қолға алынған «Тәрбие мен білім – егіз» жобасының қала мектептерінде кезекті кездесулері өткізілуде. Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлының өзі бастамашы болып, жыл басын №71 және 76 мектеп-лицей оқушыларымен жүздесуден бастаған болатын.
Кеше кезекті кездесу «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Асхат Сәлімовтің қатысуымен қаладағы №13 мектебінде өтті. «Көркем мінез – мұсылманның көркі» тақырыбындағы кездесуде наиб имам мұсылман баласына тән һәм бойында табылуы міндетті сипаттар жайын баяндады.
«Ислам діні бейбітшілікті ту етіп түсті. Ал, Мұхаммед пайғамбар жер бетіне көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілгендігі туралы қасиетті Құран аяттарында айтылады. Ежелден осы асыл дінді өмірлік ұстанымына айналдырған халқымыз пайғамбарымыздың ғибратты ғұмырынан үлгі алып келеді. Әрбір мұсылман баласы өзге адамдарға қолымен де, тілімен де зиян тигізбеуі тиіс. Тіптен, жәндікті де жәбірлемейтіндей, жібектей жұмсақ болу – мұсылманның көркем сипаттарынан» деген А.Сәлімов одан әрі оқушылардың білім мен ғылымға құштар болуға шақырды.
Білім алу, ғылым игеру мұсылман баласына жат емес, керісінше тән дүниелер екендігін айта келе наиб имам өз дәуірінде қазіргі барша ғылым саласының іргетасын қалап кеткен осы мұсылман өркениетінің өкілдері, ислам әлемінің ғалымдары деп, жас буынның санасына бабалардан жеткен мұралар жайлы мазмұнды мағыналы ой тастады. Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Ал, ұстаздар қауымы білім мекемелерінде осындай рухани-ағартушылық, тәлім-тәрбиелік мәні бар басқосулардың жүйелі түрде өткізілгенін қолдайтындықтарын айтып, дін қызметкеріне алғыстарын білдірді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.02.2015
3303
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру