Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әт-Тақуа» мешітінен жаңа шәкірттер түледі (ФОТО)

10.02.2015 3696 0 пікір

Қияметке дейін құндылығымен жалғасатын қасиетті Құран – қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және моральдық мәселелерді қамтитын және адам баласын надандықтан алыстатып, қараңғылықтан жарыққа жетелейтін ұлы кітап. Демек, Құран жолымен жүру – нағыз бақыт, оны үйреніп, үнемі оқып жүру сауап іс.

Міне, осы мақсатта Атырау қалалық «Әт-Тақуа» мешітінің жанынан үш айлық діни сауат ашу курсы жұмыс жасаған-ды. Аталған курсқа 40-қа жуық шәкірттер қабылданып, оларға бас имам Тілеуов Өсімхан Аманбайұлы Құран оқып үйрену және тәжуид ережелері, ғибадат, пайғамбар өмірі және ислам әдебі бойынша дәрістер жүргізді. Үш айға жалғасқан нәтижелі жұмыс бүгінде өз жемісін берді.

7-ақпан күні «Әт-Тақуа» мешітінің жанынан тәлім алған курс шәкірттерімен арнайы жиын өтті. Оған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров және облыстық  Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев қатысты.

Алғаш сөз алған мұнайлы өңірдің өкіл имамы Батыржан Берденұлы: «Қаламыздағы «Әт-Тақуа» мешітінің жанындағы діни сауат ашу курсында оқып, пайдалы білім үйренуге ден қойғандарыңызға шексіз ризамын. Құран оқып үйреніп, діни білімді жетілдіруіміз керек. Қазір намаз үйренемін, діни білім аламын деп ниет білдіруші бауырларымызға еліміз және Діни басқарма тарапынан үлкен жағдай жасалуда. Әрбір мешіттеріміздің жанынан осындай тегін курстар жұмыс жасап келеді. Бүгінгі басқосуымыз соны айғақтауда. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз», - дейді үмметіне. Міне, ең жақсы іс ол Құранды үйрену және үйрету. Өкініштісі, кейбір бауырларымыз өз бетінше білім алып, ұстазды сырттан іздеу нәтижесінде түрлі адасушылықтарға кетіп жатқаны ақиқат. Имандылық және дұрыс білім арқылы өзімізге, отбасымызға және отанымызға пайда тигізуіміз керек», - дей келе жан-дүниеге қуат болар уағыз айтып, насихат жасады.    

Облыстық  Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Керімбекұлы «Әт-Тақуа» мешітінің діни сауат ашуда өңірге қосқан үлесіне өз ризашылығын білдіріп, зайырлы мемлекет ішінде діннің рөліне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, бүгінгі жағадан алған жат ағымдардан абай болу керектігін және діни сауаттылықтың дұрыс жүруге себепкер екендігін жеткізді.

Шара соңында өкіл имам Батыржан Берденұлы мен Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Керімбекұлы әліппені аяқтаған 20 шәкіртті мешіт атынан құттықтап, оларға Құран кітабы мен сыйлықтар табыстады. Шәкірттер де келген қонақтарға рахметін айтып, ұстаздық етуден еш жалықпаған мешіт имамы Өсімхан Аманұлына өз ризашылықтарын білдірісті.   

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру