Бүгінде дін қызметкерлері бас қаладағы жоғары оқу орындары, орта мектептерде жүйелі жүздесулер өткізіп тұрады. Бұл бас имамның бастамасымен өткен жылы құрылып, жылды жемісті нәтижелерімен қорытындылаған «Тәрбие мен білім - егіз» жобасының заңды жалғасы. Екі күн қатарынан елорда мектептерінде өткізілген «Тәрбие мен білім – егіз» жобасы аясындағы кездесулер оқушылар ортасында ауқымды деңгейде өтті. Айтулы жоба Астана қалалық әкімдігі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігі және «Ақжан» мәдени мұраларды қолдау қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылуда.
Алғашқы кездесу қаладағы №76 мектеп-лицейінде өтіп, онда «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының оқушыларға "Көркем мінез - мұсылман көркі" тақырыбында әңгіме өрбітті.
Жүздесуде бас имам Наурызбай қажы оқушыларды ең алдымен білімде алда болуға, ғылымда жарысқа түсуге шақырды. «Қасиетті Құранда Алла тағала адам баласын білімді болуға, көркем мінез құлықтың иесі болуға шақырады. Алғашқы Құран аятының өзі «Оқы» деген бұйрықпен түскен. «Зумар» сүресінің 9 аятында «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?..» («Зумар» сүресі, 9-шы аят) немесе «Шын мәнінде, Алладан Оның құлдарының ішінен, білімі барлары қорқады...» деп білімділердің бейнесін береді. Шыңға қалықтап қыран да, жорғалап жылан да жетеді. Маңыздысы – теңіздей терең біліммен, шынайы сеніммен, тура жолды таба алғандарыңыз. Білім жолындағы тәрбие, мінез-құлық та маңызды рөл атқарады. Түркі әлеміне ортақ дана әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп, оның да орнын айқындайды. Асыл шариғатымызда білім ізденушілерге періштелер қанатын жайып, көктер мен жердегі мақұлықтар, тіптен судағы балықтардың өзі кешірім тілеп, дұға ететіндігі айтылады. Момын деген атқа лайық иісі мұсылман баласы өз қатарластарының баршасын бауырындай жақын тартып, бір-біріне қалқан, қорған да болуы міндетті. Бұл жайында хәкім Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтады, ізгілікке үндейді» деді Наурызбай қажы өз сөзінде.
Бас имам мұнан соң осы киелі білім шаңырағына жетектеп, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» мәпелеп өсірген ата-ананың алдындағы перзенттік міндетті естен шығармау керектігін де айтып өтті.
Кездесудің екінші күні, бүгін Елорданың 71 мектеп-лицейінде өтті. Ислам құндылықтары, мұсылманның көркем мінезі мен салиқалы сипаттары арқау болған жиынға ҚМДБ-ның Елордадағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Әйгерім Темірбаева және «Ақжан» қорының директоры Марат Бектазинов қатысты.
Айта кетейік, бұл жүздесу «Нұр Астана» орталық мешітінің қала әкімдігімен, «Ақжан» мәдени мұраларды қолдау қорымен бірлесе қолға алған «Тәрбие мен білім - егіз» жобасын іске асыру мақсатында өткізіліп отыр. Аталмыш жоба былтыр қолға алынып, осының нәтижесінде бүгінде Дін қызметкерлері мен білім мекемелері арасындағы әріптестік байланыс арта түсті. «Тәрбие мен білім - егіз» жобасы өз алдына мектеп, университеттермен қатар, мешіт жамағаттары арасында да әртүрлі деңгейдегі ауқымды шараларды атқарып, ауызбіршілік пен отансүйгіштікке жастарды шақырып келеді. Жобаның жемісті жетістіктеріне бүгінде баршасы куә деуімізге болады.
Ал білім мекемелерінде өткізілетін кездесулердің маңыздылығы өз алдына, себебі, жастар – қоғамның айнасы, ертеңгі тұтқасын ұстар ізбасар ұрпақ. Оқушы санасына дұрыс тәлім, терең білім беру ісінде жалғыз ұстаздардың қауқары жеткіліксіз екені жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыруды көздеген жоба аясында ҚМДБ-ның Астанадағы өкілі Наурызбай қажы «Көркем мінез – мұсылман көркі» тақырыбында әңгіме өрбітті. «Мемлекет біздің ортақ үйіміз, үлкен шаңырағымыз. Біздің атамекеніміз. Осы елдің өсіп-өркендеуі үшін барлық салада сіздер, жастар, белсенді болуларыңыз керек. Білім алудан жалықпауларыңыз ләзім. Ардақты пайғамбарымыз білім іздеп сонау Қытай ассаңдар да үйреніңдер дейді. Ал, өмірде өз орнымен жұмсалар, қоғамға игі пайдасын тигізер білім – тәрбие мен мінезге байланысты болады. Мінездің дұрыс болуы – алған білімнің пайдалы болуының кепілі. Ата-анаға құрмет – сіздердің осы мектеп қабырғасында олардың үкілеген үмітін ақтап, білім үйреніп, ғылым меңгерулеріңіз болмақ» деді бас имам өз сөзінде.
Кездесу барысында асыл діннің атын жамылып, ой-сананы сарсаңға салған жат ағымдар туралы арнайы дайындалған бейнематериалдар да оқушылар назарына ұсынылды. Оқушылар өздерін қызықтырған, көкейлерін мазалаған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Ал, «Тәрбие мен білім – егіз жобасының» жүйелі жүздесулері мұнан әрі де өзге білім мекемелерінде жалғасын таппақ.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.02.2015
3820
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру