«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті Жалпы және жастар ісі бөлімінің ұйымдастыруымен мешіт кітапханасында «Ибалы қыз – ұлт болашағы» тақырыбында «Пікір алмасу үстелі» өткізілді. Еліміздің ертеңі мына ұрпақтың қолында. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз ертеңгі ана. Сол себептен ұлтымыздың салт - дәстүрін, әдет - ғұрпын олардың бойына сіңіріп өсіру – басты мақсатымыз. Өйткені, отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Оны ақындарымыз былайша жырлайды:
Қоймаса егер ұятын күзет қылып,
Қыз бойынан табылмас iзеттiлiк,
Тәртiп деген баласы – тәрбиенiң,
Қыз қылығын алған жөн түзеттiрiп.
Бiлiмсiз бiр Аллаға дос бола ма,
әлде оны нәпсiсi басқара ма?!
Қорқынышы ертең ол – ана болар,
қандай үлгi бередi жас балаға.
Кiм жамандық тiлейдi баласына,
жақсылықтың дәнiн ек санасына.
Иманы бар, ибалы қыздар ғана
ертең елдiң айналар анасына…
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Осы мүддені көздеген мешіт қызметкерлері басқосуда жастарымыз тағылымды әңгіме, ақыл-кеңес айтатын ақ жаулықты әжелер мен ақ желеңді жеңгелерден көп біліп, өз білімдерін көтерді. Көпті көрген көшелі адамдардың ақыл-кеңесін тыңдауға С. Торайғыров атындағы ПМУ, ПМПИ-дың студенттері жиналды. Алғашқы сөзді мешіт аппаратының жетекшісі Ульян Мақұлұлы сөйледі.
Мұсылман әйелдер лигасы төрайымының орынбасары Бақтылы Әмірғалиева өз сөзінде лиганың жұмысына қысқаша тоқталып, жастармен, жас отбасылармен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ұйымның жанынан «Келіндер» тобы құрылғанын жеткізді. Аталмыш топ жөнінде оның жетекшісі Гүлзураш Сапарғалиқызы кеңірек айтып берді. Қазақ халқының ұлттық отбасылық тәрбие тағылымдарын жас жұбайларға насихаттау ісі қарқынды атқарылуда дейді. Мәселен, үйленіп, үй болуды көздеп жүрген жастар осы жерден кеңес ала алады екен. Мешіт жамағаты Фаруза Жүнісбекова мен Бақытжамал Елеукенова лига мүшелеріне әсіресе, мектеп жасындағы, студент жастармен қандай жұмыстар жүйелі атқарылатынын нақтылай сұрады, әрі Мереке Амантай, Асқат Есболат, Ермағамбетов Еламан, Баян Ахметжанова, Құралай Ильясова сынды жеткіншектерге өмірлік өсиетін, аналық ақ батасын берді. Студенттер өз кезегінде кездесуші жүргізуші А. Оралқановтың «Қазіргі жастардың діни сауаттылығы қандай?», «Неге жастар ұлттық тәрбиеден алшақ?», «Балаға шешенің ықпалы күшті ме, көшенің ықпалы күшті ме?» т.б. сауалдарына жауап беріп, кейде тіпті пікір таласқа түсіп жатты. Кездесу соңында студенттер қаладағы осы тектес ұйымдардың қайсысына бару керектігін, олардың орналасу мекенжайын біліп, үлкен буыннның ұлағатын ұғып қайтты.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.02.2015
5005
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру