Бүгін «С.Ғылмани» мешітінде Елорда имамдарының жыл басын жоспарлауға арналған жиыны өтті. ҚМДБ-ның Астанадағы өкілі Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен өткен мәжілісте маңызды мәселелер қаралып, салмақты тақырыптар талқыға түсті.
Сөз басында Елорда бас имамы Наурызбай қажы өткен жылдағы атқарылған ілкімді істер мен жемісті жұмыстар қатарын тізе отырып, дін қызметкерлерін алдағы жылы да осы межеден кем түспеуге шақырды. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы дінімізді дәріптеудің, ұлттығымызды көрсетудің айқын жобасын белгілеп, «Дін мен дәстүр» жылын жариялады. Мүфти хазретіміздің бастамасы бүгінде дін саласы төңірегінде ғана емес, барша бұқараға танылып, ұлт зиялылары мен қайраткерлері тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Осы орайда Діни басқарма бекіткен төрт бағыт аясында Хақ жолында жалғасын табатын қызметте табандылық таныту – біздің басты міндетіміз» деп, өкіл имам бүгінгі басқосудың мән-маңызы мен салмағының жеңіл еместігін ескерте кетті.
Жиында Діни басқарма бекіткен бағыттар бойынша бірқатар маңызды мәселелер ортаға салынды. Биылғы жылдың Елорда имамдары үшін басты жаңалығы күллі қазақ жұртшылығының қара шаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бас кеңсесінің Астанаға қоныстануы болды. Діни басқарманың Жалпы және жастар бөлімінің де қызметтік қарекеті бас қаладан бастау алатындықтан Астанадағы жастар қоғамының хал-ахуалы мен ЖОО-мен қарым-қатынас жайында «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Марат Бектазинов баяндады. «Қаламыздағы орта және жоғары оқу орындары мен мектептерде дін мамандарының қатысуымен өткізілетін кездесулер өз арнасына түсті. Бұл ретте «Тәрбие мен білім - егіз» жобасы осы әріптестік байланыстың бекем орнағанын көрсетеді. Бұл жоба осы жылы да жалғасын табады. Ал мешіт жамағатының ауызбіршілік, ынтымағын арттыру мақсатында әртүрлі ұлттық, спорттық шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Бүгінде жастардың жұмылып, көп болып көңіл қосып, ұйымдасып, ізгі істерге белсене атсалысуы осы жобалардың жемісі деп білеміз» деді М.Бектазинов.
Діни рәсімдер мен намаздардың дұрыс тәртіппен өткізілуі, мешіттің сыртқы һәм ішкі, рухани тазалығы жөнінде «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Бекзат Ақжігітов баяндады. Наиб имам Астана мешіттері бас қаланың айнасы, бұқараның бас қосар, жұма сайын жиылатын құтты үйі екенін айтып, бірқатар мешіт қызметкерлеріне ескерту де жасады. Намаз аралығында жамағатқа айтылар уағыздар, сауат ашу курстарының аяқ алысы да талқыға салынды. Өкіл имам Наурызбай қажы осы орайда бас мүфтиіміздің «Мешіт мінәжат орны ғана емес, мәдениет ордасы, рухани һәм дүниелік қажеттіліктеріміздің іске асар құтты мекені», «Бес шәкірті болмаған имам өзін имам санамасын» деген салмақты сөздерін еске салып, мәдениет пен білімнің ұясы, береке-бірліктің шаңырағы мешіттен бастау алуы керектігін жеткізді.
Бас имам айтқан басты мәселенің бірі – уағыз-насихат. Қоғамның түрлі қатпарындағы қауыммен, әртүрлі әлеуметтік ортада жүргізілуі тиісті насихаттың маңызы мен қызметі айрықша. Жастар ортасы, жұмыскерлер, мемлекеттік мекемелермен қатар түзеу орындарындағы түрлі санаттағы адамдармен тығыз қарым-қатынас орнату, тұрақты әрі жүйелі жүздесулер ұйымдастыру жайына бас имам баса назар аударып, насихат жұмыстарына қатысты ойын айтты. «Жергілікті ақпараттық насихат топтары өз жұмысын мұнан әрі де белсенді түрде жүргізуі керек. Біз күткенмен, уақыт ешкімді, ештеңені күтпесі анық. Әр күнді тиімді пайдалана білейік. Ең бастысы Хаққа қызмет халыққа қызмет екенін осы тұста тағы бір қаперге алғанымыз жөн» деді Наурызбай қажы.
Жиын барысында қала мешіттерінің апталық, айлық жұмыс есептерінің бірізділігі мен қызметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарауын «Нұр Астана» орталық мешіті бас имамының орынбасары Төлеби Оспан барша қызметкерлерге ескерте кетті. Мешіт ғимараттарының заңдастырылуы мен мемлекеттік актілерінің, құжаттарының заңдық рәсімделуі де жыл жоспарынан тыс қалмады. Жиын соңында өкіл имам дін қызметкерлеріне алдағы жылды жемісті өткізулеріне тілектестік білдіріп, кемшіліктерге жол бермеуге шақырды.
«Нұр Астана» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.02.2015
3236
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру