Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көңіл толқытқан рухани мереке

02.02.2015 3547 0 пікір

Павлодар қалалық Естай атындағы мәдениет сарайында «Ұлы мінез иесі» тақырыбында Мәуліт мерекесі тойланды. Мың жарым  кісілік өнер ордасы халыққа лық тола болды. Мерейлі мерекені 11 жасар мешіт шәкіртінің  Алланың кәламы Құран аяттарын оқуымен басталған салтанатты рухани шара келесіде ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исеновтың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірін насихаттаудың мәні мен мазмұны туралы айтқан жүрекжарды құттықтау сөзінен кейін Астана қалалық жастар театрының әншісі Бейбіт Құшқалиевтің  көрерменнің  көңіл көзіне нұр құйған  «Қош келдің, Расулалла!», «Аллаға  мадақ» әндері шырқалып келесі кезекте Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің 40 шәкірті барша жаратылыстың мән-мағынасын үйретіп, өмірлік мақсат пен міндеттеріміздің бағытын көрсеткен ұлы ұстаз Мұаммедке (с.ғ.с) деген салауатты Оның (с.ғ.с) мүбәрак хадистерімен  қоса өріп иләһи әуендермен орындады. Сонымен қатар елімізге танымал «Серілер» тобының әншілері «Бір көш кетіп барады», «Қазақтың қара баласы» әндерін жиылған қауымға сыйға тартса, кішкентай Ақгүл Жарылқасын «Уақыттың қадірі» монологымен, айтыскер ақын Еркебұлан Қайназарұлы өзінің «Не жақсы, не жаман» термесімен кеш көркін қыздыра түсті.

Арықарай қадірлі кеш  Астана жастар театры әртістерінің ойнаған «Дерт пен дауа» сахналық қойылымымен қоса Алла Елшісінің (с.ғ.с) ғибратты өмір жолы туралы арнайы жасалған «Өнегелі өмір»  бейне ролигімен  жалғасын тапты.

Иләһи шара айтыскер ақындар Рауан Хайдаров мен Данияр Алдабергеновтың имани тағылымымен тәлімдеріне тола айтысымен шарықтау шегіне жетіп, соңы көрермен арасынан іріктеліп шыққан 10 бүлдіршінге  қойылған «Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар қандай адам?» деген сұрақ арқылы қорытындыланып, оларға бағалы сыйлықтар ұсынылды.

Жаратқанға жақындатар жақсы амалдың жарқын үлгісі болған мерейлі мәуліт мерекесі  осылайша талай жанның жүрек қылын қозғап, сырлы сезім сыйлап, көңілін толқытқан үлкен әсерлермен байыды. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру