Пайғамбарлық уахи келу біршама дамылдап, үзілгендей болған сәтте хазіреті Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жан күйзелісі, бірақ артынша «Дұха» сүресі аяттарының түсуі – тұнып тұрған хикмет дерсіз. «Дұха» сүресімен ашылған мәуліт мерекесінде беташар сөз сөйлеген «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры Жуда Абдулғани Басюни осы оқиғаға ерекше тоқталып, жиылған жұртқа ой тастар мағыналы насихат айтып өтті. Осындай айтулы күндерді пайдаланып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін елге тереңірек насихат ету маңыздылығына тоқталған доктор, профессор Ж.А.Басюни: «Отанымыз өркендеу үшін, әрбіріміз өз ісімізді тиянақты атқаруымыз керек»,-деп, сөзін тәмамдады.
«Небәрі 23 жылда надандықтағы қауымды адамзаттың үлгі тұтатыр қоғамына дейін жеткізіп, пайғамбарлық міндетін мінсіз атқарған Алла елшісінің (с.а.у.) өмірі – кез-келген адамға өнеге. Қарапайым пендеден, ел басқарушыға дейін»,-деген ұстаз Қайрат Құрманбаев Пайғамбарымыздың (с.а.у) ерекше қасиеттеріне тоқталып өтті.
Ия, Пайғамбарымыздың (с.а.у) өмірі оқып, тыңдаған сайын жаңа қырынан таң қалдыра түсетін шеті жоқ кітап секілді. Сондықтан, Мәуліт сол ғибратты ғұмырға тағы бір маңызды шолу іспеттес.
«Нұр-Мүбарак» университетінің студенттері ұйымдастырған шарада мағыналы уағызбен қатар «Пайғамбарымызға» салауаттар айтылды. Бұл жолғы оқылған мәуліттің орны да ерекше. Ербол Саргеловтың домбырамен терменің мақамына салынған мәуліт жыры көпшіліктің көңілінен шықты. Одан өзге Абай өлеңдері, ғибратты термелер орындалып, студенттердің Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті жайлы қойылымы барлығы да көрермендер ерекше ықыласпен тамашалады. Ал студенттердің әзірлеген шағын ғана бейнебағдарламасы жиылған жұрттың жанарына жас үйірді. Ал, жаңадан құрылған «Хира» тобының орындауындағы «Фатхул-Мадина» әні Пайғамбарымызды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мәдиналықтардың қуанышпен қарсы алған сәтіне бөлеп, сол дәуірге саяхат жасағандай әсер берді. Осыдан-ақ, мәулітке келген халықтың Пайғамбарымызға деген (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) махаббаты мен сағынышы өлшеусіз екені аңғарылып тұр. Ал «Мәуліт болады» дегенді естіп келген ақ жаулықты аналарамыздың ықыласын көрсеңіз...
Осындайда, «Мәуліт-бидғат» деп , осы сөздің өзін атаса күнәға батқандай шошитын діни топтардың көксегені не екен деп те ойланасыз. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние есігін ашқан мүбарак айында Алла Елшісінің өнегелі өмірін, ізгі қасиеттерін айтып, салауаттар оқуды арттыратын мүбарак мерекедегі елдің алған әсері мен ықыласын ешбір сөзбен жеткізе алмас едік. Бұл дінімізбен қайта қауышқан еліміз үшін рухани өсудің таптырмас бір шипасының бірі іспеттес.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.02.2015
3359
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру