Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау халқы Мәуліт мерекесін атап өтті (ФОТО)

30.01.2015 3830 0 пікір

Адамзаттың ардақтысы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің туылған мәуліт мерекесі Атырау өңірінің жеті ауданында ай көлемінде аталып, ерекше әсерін қалдырды. Қасиеті мол мәуліт айының қорытынды мерекесі 30-қаңтар күні облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрында жалғасын тапты.

Мүбәрак кешті тамашалауға еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін келіп, ине шаншар орын қалмады. Алдымен Атырау облысының әкімі Ізмұхамбетов Бақтықожа Салахатдинұлының құттықтау сөзін жеткізе келген әкім орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Тарих беттерін парақтай қарасақ, кез келген мемлекет дінсіз өркендей алған емес. Соның ішінде Қазақстанның мемлекет болып, тәуелсіз ел болып қалыптасуында Ислам діні үлкен рөл атқарды, атқарып та келеді. Бүгінде өздеріңіз көріп отырсыздар, көптеген мұсылман елдерінде түрлі қақтығыстар, соғыстар орын алып жатыр. Сондықтан, қоғамға еніп кеткен мысықтілеулес түрлі топтар мен пасық пиғылды адамдардың іргемізді сөккісі, тыныштығымызды бұзғысы келетін іс-әрекеттерінен ортамызды, жастарымызды қорғай білейік. Адасқан жастар ата-анаға қызмет етуі былай тұрсын, құрмет етудің не екенін білмеуде. Ислам діні алда да еліміздің, жеріміздің тыныштығы мен тұрықтылығы жолында қызмет ете бергей», - дей келе мәні зор мәуліт халықты ынтымаққа ұйытып, бірлікке шақыруда, жастарды имандылыққа тәрбиелеп, дұрыс бағдар көрсетуде орны ерекше діни мереке екенін атап өтті.

Кезекті сөз алған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров барша жиналған халықты мүбәрак аймен құттықтай келе: «Мәуліт – Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с)-ның дүние есігін айқара ашып, қараңғы әлемге қуаныш нұрын ала келген күн. Пайғамбарымыз Мекке мен Мәдинаға келгенде қалалықтар Оны (с.ғ.с) «Толықсыған ай туды» деп қуанысып, жолын сарыла күтіп қарсы алған болса, Пайғамбарымыздың туылған күнін біз де Оның (с.ғ.с) тамаша қасиеттерін, көркем мінезін еске ала отырып атап өтуіміз жөн. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім маған салауат айтса, Алла ондай пендеге он салауат айтады», - деген. Сондай-ақ, мәуліт оқылып, салауат айтылған жерге Алланың нұры мен шапағаты төгілетіндігі де айтылған. Ендеше қасиетті мәулітте елімізге тыныштық пен тұрақтылық, барлық шаңыраққа береке-бірлік, шаттық тілеймін», - деді. Сондай-ақ, өңірдің өкіл имамы Б.Берденұлы пайғамбарымызға деген үмметінің құрметі мен сүйіспеншілігі әрқашан жоғары болудың маңызы жайында әсері мол насихат жасады.

Шара барысында сонау Алматы өңірінен арнайы келген Ербол Шәкіратұлы адамзаттың сардары Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ғұмырын суреттейтін қазақы мақаммен өз ана тілімізде мәуліт оқып, көптің көзіне жас алдырды. Келген көрермендер де пайғамбарға деген құрметін көрсетіп, салауатқа қосылып отырды. Діни әндер айтылып, өлеңдер оқылып, Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с)-ның көркем мінезі мен ерекше тумысы жырмен сомдалды.

Атап айтқанда, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, рухани кештің қонақтары, әнші Сержанәлі Әли мен Бейбіт Кушкалиев орындаған мазмұнға бай діни әндерді көпшілік ұйып тыңдады. Имандылықты өміріне серік етіп, асыл дінімізді насихаттауға айрықша үлес қосып келе жатқан «Жүректен жүрекке» ерікті жастар тобы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шарифтері мен «Тәубеңе кел» атты қара сөздер оқып, көрерменді бір серпілтіп тастады. Онан әрі театр әртістері Асылбек Әуезханұлының «Жалғанда жақсылық жасаған жақсы» атты сахналық көрініс қойып, өмірдің ащы шындығын көрсетіп, өзгелерге ғибратты ой тастады.

Мәуліт кеші көпшілікке осындай рухани бай мұрасын сыйлап, ізгілікті істің ізін көрсетті. Айтулы шараны қорытындылаған өкіл имам Батыржан Берденұлы барша келген халыққа және шараны өткізуге ат салысқан азаматтарға өз ризашылығын білдірді. Асыл дініміз исламның өңірде кең қанат жаюына және халықтың ынтымағы мен бірлігіне қосқан сүбелі істері үшін біршама қала, аудан имадарына, қаламымен қолдау білдірген БАҚ өкілдеріне, жанашыр жамағаттарға алғыс хаттар берді. Сондай-ақ, облыс көлемінде оқ бойы озық шығып, аудандар арасында қызметімен көзге түскен Индер ауданының бас имамы Ералы Жұбанұлына «Сарыағаш» шипажайының жолдамасын табыстады. Айтулы шарада облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Керімбекұлы дін жанашырларына әрдайым жақсылықта болып, табысқа қол жеткізулеріне тілектес екенін білдірді.

Биылғы мәуліт мерекесінің бұрынғылардан бір ерекшелігі – шарадан соң «Иманғали» орталық мешітінің әйел жамағатының ұйымдастыруымен қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілді. Дәстүрге айналған жәрмеңке барысында қала тұрғындарының назарына түрлі азық-түлік өнімдерінен жасалған тәтті тағамдар және қолөнер бұйымдары ұсынылды. Жәрмеңкеден түскен қаражат мешіттен көмек сұрай келген мұқтаж жандардың қажеттіліктеріне жұмсалатын болады.

Қорыта келе, рухани кештің куәсі болған атыраулық ағайындар ҚМДБ-ның Атырау өңіріндегі өкілдігіне жүрекжарды лебіздерін білдірісіп, облыс деңгейінде өткізілген мəуліт мейрамынан дүниені қараңғылықтан арылтып, тура жол көрсеткен Мұхаммед (с.ғ.с) өмірінен өнеге алып, есімін ардақтай түсудің мәнісін түсіне тарқасты.

«Иманғали» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру